«ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕР» ЖОБАСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Спортта бақ сынап, қолөнерде шеберлігін танытып жүрген жастар «Шексіз мүмкіндіктер» жобасының қорытынды шарасында бас қосты. Бірнеше айға созылған бастама 200-ден астам жасты қамтып, олардың қабілетін шыңдауға бағытталды.
Сәуір айында басталған жоба ерекше жандардың шығармашылық әрі спорттық әлеуетін дамытуды көздеді. Бастама аясында қатысушылар өздерін түрлі бағытта сынап көріп, жаңа қырын ашты. Жобада үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақтан спорттық турнирлер ұйымдастырылды.
ҚҰРМЕТ КЕРІМБЕКОВ, «ЖАЛЫН» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Ерекше жастардың спорттық, өнер, қолөнер қабілетін дамыту болып табылады.Сәуір айынан бастау алған жоба ерекше жандардың мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр.
Сайыстарға 60-тан астам жас қатысып, өзара бақ сынады. Мұнда бірі спорттық шеберлігін көрсетсе, енді бірі зеректігі мен ой ұшқырлығын танытты. Ал бүгін сахна төрінде 15 қатысушы өнер көрсетті. Ән мен би арқылы өз таланттарын танытқан жастар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
САЛИХ ҚАЛИЕВ, ҚАТЫСУШЫ
Бұл фестивальде әншілер, қолөнершілер өз өнерін көрсетіп жатыр.Расында, болашақ жастардың қолында.Халықтың ақ батасы, тілегі, қошеметі мені шабыттандырады.
Турнир қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, туған қаланың тарихы мен мәдениетін таныстыруға да көңіл бөлінді. Осы мақсатта 100-ден астам жасқа Шымкенттің көрікті жерлері мен тарихи орындарына саяхат ұйымдастырылды. Жалпы, «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы жастардың қоғамдық өмірде өз қабілеттерін көрсетуіне жол ашады.