Негізгі Жаңалықтар МАҚТА ТЕРІМІ ҚЫЗУ

МАҚТА ТЕРІМІ ҚЫЗУ

Берекені көктен емес, еңбектен тілеген шардаралық шаруалар күзгі жиын-терімді аяқтауға жақын. Күріші қамбаға, мақтасы қоймаға жиналып жатыр. Шағалалы өңір диқандары егін егу тәсілдерін жаңартып, алқаптарға су үнемдеу технологияларын да кеңінен енгізуде. Соның нәтижесінде өнімділік те жаман емес. Күзгі науқанға қажетті жанар-жағармай да жеткілікті.


Ахметжан Төлепов бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысады. Кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгерген шаруа ерте көктемнен қара күзге дейін егін алқабында еңбек етеді. Биыл көктемде жауын-шашын көп болғанымен, кейін егістікті қатты ыстық қысып, шаруаларға қосымша жұмыс түскен. Ахметжан Төлепов алқапты бірнеше рет техникамен қопсытып, мақтаны баптап шыққан. Айтуынша, бұл дақыл мол күтімді қажет етеді. Дәнді жерге сепкеннен бастап өнімді жинап алғанға дейін шығыны да аз емес. Енді диқан еңбегінің берекесін көретін кез келгенін айтады.


АХМЕТЖАН ТӨЛЕПОВ, ДИХАН
Қай жұмыстың да жеңілі жоқ. Көктемнен бері осының ізіндеміз. Мінекей, бүгін сәті түсіп, мақтаны теріп жатырмыз. Комбайнмен гектарына 30 центнерден өнім алып жатырмыз. Күтімі бар ғой. Биыл жаңбыр болып, қайта-қайта техникамен өңдедік.


 Мемлекеттен диқандарға жер көлеміне қарай ерте көктемде төмен пайызбен қаржы беріледі. Сонымен қатар шаруалар мақта қабылдау зауыттарымен келісім жасап, қажетті шитті алып егін егеді. Биыл аудандағы мақта зауыты шаруаларға Қытайдан әкелінген мақта сорттары мен жергілікті шит үлестірген. Енді қара күзде сол тұқымнан шыққан «ақ алтынды» қабылдап жатыр.


ТӨЛБАСЫ САРТАЕВ, «ІСС» МАҚТА ЗАУЫТЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Жаз бойы 9 мың гектарға фьючер таратқанбыз. Шаруалар мақталарын алып келіп жатыр. Биыл 24-25 мың тонна мақта жинаймыз деген межеміз бар. Зауыт 2019 жылы қытай технологиясымен салынған. Жылдық қуаты – 40 мың тонна. Зауытта үш ауысым жұмыс істейді. Жалпы 300 адам еңбек етеді. Оның ішінде зауыттың өзінде бір ауысымда 30-32 адам жұмыс істейді.


Зауытта ақ ұлпа мақтаның сортына қарай бөлек қабылданып, өңделеді. Себебі сырттан әкелінген шиттен алынатын өнімнің сапасы мен ерекшелігі өзгеше. Заманауи қондырғылармен жабдықталған кәсіпорында мақтаны талшықтан ажырату да автоматтандырылған. Мұнда негізінен ауыл азаматтары еңбек етеді.


ҒАЛЫМЖАН ӨМІРОВ, АУЫСЫМ МАСТЕРІ
Біздің ауысымда 32 адам бар. Барлығы – осы жердің тұрғындары. Технологиясы қытайлық, толық цифрланған. Бұрынғы зауытта жұмыстың бәрі қолмен істелетін. Қазір барлығы автоматтандырылған. Қызметкерлерге арнайы қолғап, маска беріледі. Жұмысқа барлық жағдай жасалған.


Шаруалар көктемдегі ауа райының қолайсыздығына қарамастан 50 гектардан астам жерге мақта еккен. Шардаралық диқандар бұған дейін бақша өнімдерінен мол өнім алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген еді. Енді ақ алтыннан да жақсы өнім күтіп отыр. Бастысы, маңдай термен егілген еңбектің берекесі мол болсын дейді.

Бөлісу