Негізгі Жаңалықтар НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ АРЫС ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ АРЫС ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласының тұрғындарымен кездесіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады. Жиында тұрғындардың өзекті мәселелері тыңдалып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтармен ашық диалог орнатып, халықтың талап-тілегіне жедел ден қою жөніндегі тапсырмалары аясында өтті.
Арыс – тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірдің көлік-логистикалық және экономикалық әлеуетінде маңызды орын алатын қала. 2026 жылдың алғашқы 8 айында қаланың жалпы өңірлік өнімі 52,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,3 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,3 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 16,1 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд теңгеге жетіп, 13,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 23,9 млрд теңгені құрады.



Облыс әкімі Арыстың жоғары әлеуетін тиімді пайдаланып, экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кездесулерде азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, олардың шешілуіне нақты мән беруді тапсырған болатын. Сондықтан бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – атқарылған жұмыстарды баяндау ғана емес, тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді тікелей тыңдау. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Қай мәселені қандай мерзімде және қандай жолмен шешуге болатынын нақты айқындауымыз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.


Кездесу соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдады. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін тікелей облыс әкіміне жеткізді. Жеке қабылдауда тұрғын үй, жер, инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер және басқа да өтініштер қаралды.
Тұрғындардың әрбір өтініші бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстау жүктелді.

Бөлісу