ҚАЗАҚСТАН–ВЕНГРИЯ БИЗНЕС-ФОРУМЫ
Шымкентте Қазақстан–Венгрия бизнес-форумы өтті. Жиынға Дебрецен қаласынан келген кәсіпкерлер де қатысты. Тараптар сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Венгрияның Дебрецен қаласының мэрі Ласло Папп бастаған делегация құрамында инфрақұрылым құрылысы, металл өңдеу, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік техникаға арналған компоненттер өндіру және инфрақұрылымдық жобалау салаларында жұмыс істейтін компания өкілдері бар. Дебрецен мэрі сапардың маңызына арнайы тоқталды.
ЛАСЛО ПАПП, ДЕБРЕЦЕН ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ (ВЕНГРИЯ)
Бұл біз үшін өте маңызды. Себебі қазақ халқы мен венгр халқының тамыры тым тереңде жатыр деуге болады. Екі халықтың арасында бірнеше мыңжылдықтан бастау алатын тарихи байланыс бар. Сондықтан біз бір-бірімізді туыс халықтар деп санай аламыз. Тарихи тамырымыз бізге ХХІ ғасырда да осы байланысты сақтап, оны әлемнің дамуы мен игілігіне бағыттауға міндет жүктейді.
Бизнес-форум екі ел арасындағы іскерлік байланысты кеңейтіп, инвестиция мен жаңа технология тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға жол ашпақ. Шетелдік инвестицияның артуы Шымкенттің экономикалық әлеуетін күшейте түседі.
ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Өнеркәсіп саласында 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде орта және шағын кәсіпорындар бар. Инвестиция тарту бағытында да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысымен қалаға 859 миллиард теңге инвестиция тартылды. Биыл бұл көрсеткішті тағы 10 пайызға арттыру көзделіп отыр. Ал сегіз айдың қорытындысы бойынша 500 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.
Форум барысында Шымкенттің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылып, инвесторларға көрсетілетін қолдау шаралары айтылды. Қатысушылар өндірістерді оқшаулау, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
АЙДОС ТҰРЫСБЕКҰЛЫ, КӘСІПКЕР
Әңгімелесіп, ой-пікір алмасып көреміз. Экспортқа шығу ойымызда бар.
Сапар бағдарламасы аясында Венгрия делегациясының қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесуі жоспарланған. Кездесу барысында Шымкент пен Дебрецен арасында бауырластық байланыс орнату туралы меморандумға қол қойылады