Негізгі Жаңалықтар БІЛІМ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

БІЛІМ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

БІЛІМ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Шымкентте ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетілді. Мерекелік жиынға 2 000-ға жуық білім саласының өкілі жиналды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, білім сапасын арттыруға үлес қосқан үздіктерге марапат табыстады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Ұстаз – ұлттың ұлағатын ұрпаққа жеткізетін, білімнің шамын жағып, саналы ғұмырға бағыт-бағдар беретін ұлы тұлға. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков білім саласында қажырлы еңбек етіп, шәкірт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар үздік мамандарды марапаттады. Іс-шарада барша ұстаздар қауымына құрмет көрсетіліп, жиын мерекелік концертке ұласты.


Шәкіртінің бойына тәлім мен тәрбиені қатар беретін ұстаздардың еңбегі қашан да ерен.Бұл күні мұғалімдер мерекені ерекше сән-салтанатпен қарсы алып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады.Қала әкімі шәкіртінің бойына білім сәулесін құйып, саланы дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген педогогтер қауымын мерекемен құттықтады.Оқу ордаларының жетістігін тізіп, ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегін атап өтті. Үздіктерге мемлекеттік награда табыстап, алғыс хат берді.

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

Сіздердің күнделікті  еңбектеріңізді жетістіктерден көріп отырмыз.Қаламыздың 80-нен астам мектеп түлектері 100-ден аса шетелден шақырту алып, халықаралық білім грантының иегері болды.Оқушыларымыз республикалық әрі халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды.Бұл тұста шәкіртіне білім беріп, биікке жетелеген барша ұстазға алғыс айтамыз.


Сабира Байтукова талай жылдан бері білім саласында тер төгіп келеді.Талай талаптының қанатын қатайтып, тәлім берген ұстаздың жетістігі де көп. Бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, өзге тілді үйретуге арнаған педагог мереке қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.


САБИРА БАЙТУКОВА, №131 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Осынша жыл бойы қызығы да, шыжығы да бар мұғалімдік жолымызда қиындық та, қуаныш та бар.Бәрі де шәкірттерімнің арқасы деп санаймын.Отыз төрт жыл болды осы салада жүргеніме.

Шымкентте 277 мыңнан астам оқушы тәлім алады.Шәкірттерге 35 мыңға жуық мұғалім білім береді. Салтанатты жиында ұстаздарға ерекше құрмет көрсетілді. Елге белгілі өнерпаздар әуелете ән шырқап, мұғалімдерді мерекемен құттықтады.


Бөлісу