ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан облысында 83 мың педагог еңбек етеді. Кәсіби мереке қарсаңында саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы білім беріп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетілді. «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты салтанатты жиында сала мамандары марапатталды.
Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы білімді ұрпақ тәрбиелеудегі педагог еңбегінің маңызын атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Ұстаз – жай ғана маман емес. Ұстаз – баланың бойына білім мен тәрбие дарытып, елдің ертеңін қалыптастыратын тұлға. Сондықтан ұстазға деген құрмет – болашаққа деген құрмет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, елдің басты капиталы – сапалы білім алған, бәсекеге қабілетті ұрпақ. Сондықтан білім сапасын арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.»
Бүгінде білім саласына қолдау көрсетіліп, мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып келеді. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға да мүмкіндік жасалған. Салтанатты жиында бірқатар ұстаздың еңбегі еленіп, мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды.
ГҮЛБАНУ КӘРІБАЕВА, МҰҒАЛІМ
Мемлекеттік марапат алдым. «Ерен еңбегі үшін» деген. Барлығына алғыс айтамыз.
МАЙРА ҚОЖАМҰРАТОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ
Биыл 41 жыл жұмыс істеп жатырмын. Бала тәрбиесіне, оның тұлғалық дамуына аянбай тер төгіп келеміз.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі шәкірт жетістігінен көрінеді. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Түркістан облысындағы 4 білім беру ұйымы еліміздің үздік 100 олимпиадалық мектебінің қатарына енді. Ал оқушылар халықаралық және республикалық білім додаларында 170 жүлделі орын иеленді.