65 ЖАСТАН АСҚАН ЖҮРГІЗУШІЛЕР МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕКСЕРІСТЕН ӨТЕДІ
Қазақстанда 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтарға медициналық тексеруден өту тәртібі өзгеруі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі аталған санаттағы жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізу мерзімін екі жылда бір рет етіп белгілеуді ұсынды.
Құжат қазір қоғамдық талқылауға шығарылды. Ұсынылып отырған талапқа сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар көлік құралын басқаруға медициналық жарамдылығын растау үшін әр екі жыл сайын қайта тексеруден өтуі тиіс. Министрліктің мәліметінше, бұл талап жаңа норма емес. Аталған міндет «Жол жүрісі туралы» заңда көрсетілген. Сонымен қатар ведомство медициналық комиссия қорытындылары туралы мәліметтерді бірыңғай автоматтандырылған деректер базасына енгізуді жоспарлап отыр. Құжат бойынша ұсыныстар мен ескертулерді 19 қазанға дейін жолдауға болады. Егер өзгерістер бекітілсе, жүргізушілердің денсаулық жағдайын бақылау жүйесі біріздендіріледі.