ТЕРЕКТІДЕ ЖАҢА СПОРТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ
Бәйдібек ауданының Теректі ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен бой көтерген ангар үлгісіндегі модульді спорт залы ауыл балаларының спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік берді. Жалпы аумағы 1 280 шаршы метрден асатын нысан қысқа мерзімде салынып, ел игілігіне берілді.
Енді Теректі ауылының балалары спортпен тұрақты шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасалды. Мұнда волейбол, баскетбол секілді спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Жас спортшылар жаңа залдан болашақ чемпиондар шығатынына сенеді.
ҰЛЖАЛҒАС НҰРЛЫБЕК, ОҚУШЫ
Біз 9-сынып оқушылары сабақтан бос уақытта осындай волейбол үйірмесіне келеміз. Бізге волейбол үйретіп жатқан жаттықтырушыларға көп рақмет. Осындай зал ашып бергендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Осындай залдардан Олимпиада чемпиондары шыға берсін.
Жаңа спорт нысанының құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жалпы аумағы – 1 280 шаршы метр. Жобаның құны 218 миллион теңгеден асады.
БАНУ НҰРҒАЗИЕВА, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Бұл спорт кешені бұрыннан керек еді. Мұнда қаншама талантты бала бар. Теректі ауылы тұрғындарының қуанышын көріп, алғысын естіп, өзіміз де қуанып жатырмыз. Бүгін – тамаша күн. Ата-аналар да қуанып жатыр.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Батыр боламын!» қайырымдылық қорының қолдауымен «100 балалар спорт залы» бағдарламасы аясында облыстағы 21 спорт залы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Келес ауданында да осындай модульді спорт залының құрылысы жүріп жатыр. Нысанды қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, 2026 жылы облыста жалпы құны 11,3 миллиард теңге болатын 58 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Қазір оның 18-і пайдалануға берілді.