Негізгі Жаңалықтар ЖУРНАЛИСТИКА АБЫЗЫНА -75 ЖЫЛ

ЖУРНАЛИСТИКА АБЫЗЫНА -75 ЖЫЛ

Түркістанда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» қалалық марафоны аясында «Ұлы Абай – тағылым жалғастығы» атты танымдық-шығармашылық байқау өтті. Шара Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлағатты ұстаз Сейдулла Садықовтың 75 жылдығына арналды.


Салтанатты шарада сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов жобаның маңызына тоқталды. Мерейтой иесін 75 жасымен құттықтап, оның ел руханиятына, журналистика, ғылым және білім салаларына сіңірген еңбегін атап өтті. Сейдулла Садықұлы Садықовқа қала әкімінің атынан Алғыс хат табысталып, шапан жабылды.


МАДИЯР ӘЛІПОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жыл басынан бері Түркістан қаласының әкімдігі Түркістан қаласы ардагерлер кеңесімен бірлесіп, игі шаралар ұйымдастырып келеді. Негізгі мақсатымыз – осы өңірден шыққан зиялы қауым өкілдерінің өнегелі өмірі мен еңбегін жастарға насихаттау.


Сейдулла Садықов – филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлағатты ұстаз. Ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика кафедрасында ұзақ жылдар еңбек етті. «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы атанған ғалым – 120-дан астам ғылыми еңбектің авторы. Солардың қатарында оқырманға кеңінен танымал «Ұлттық бірегейлік және журналистика» оқулығы да бар.


ҚЫДЫРӘЛІ РЫСБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Өмірде небір тарихи тұлғалар бар. Оларды мәңгілік өлмес тұлға деп те айтуға болады. Артында із қалған адамдарды айтамыз. Адамның өмір жолы ғана емес, оның артында қалдырған ізі маңызды.


Шығармашылық байқауға облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының «Сегізаяқ», Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасының «Толық адам» және облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының «Алтынсарин» топтары қатысты. Екі кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар Абайдың қара сөздерін талдап, ақынның ой-тұжырымдарын бүгінгі қоғаммен сабақтастырды. Сондай-ақ зерделі тұлға қалыптастыру бағытындағы өз идеяларын шығармашылық тұрғыда ұсынды. Шара барысында Абайдың әндері орындалып, Түркістан музыкалық драма театрының Абай қойылымынан үзінді көрсетілді.


Бөлісу