Негізгі Жаңалықтар ДӘМ МЕН ДӘСТҮР ТОҒЫСҚАН ФЕСТИВАЛЬ

ДӘМ МЕН ДӘСТҮР ТОҒЫСҚАН ФЕСТИВАЛЬ

Шымкентте дәм мен дәстүр тоғысқан гастрономиялық фестиваль өтті.«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған іс-шарада жергілікті кәсіпкерлердің өнімі таныстырылды. Заманауи көше мәдениеті тоғысқан жиын этно-ауыл кешенінде өтіп, шаһардың үздік фуд-локацияларын бір алаңға жинады.


Бұл күні Этно-ауыл аумағы әдеттегіден өзгеше күйге енді. Бір алаңда түрлі тағамдардың хош иісі сезіліп, екінші тараптан әуезді әуен естілді. Фестивальге келген жұртшылық қаладағы танымал тамақтану орындарымен танысып, қызықты уақыт өткізді.  Іс-шарада арнайы гастрономиялық алаң жасақталып, оған Шымкенттегі 40 үздік фуд-локация қатысты. Қонақтарға ыстық тағамдар, түрлі тәттілер мен сусындар ұсынылды. Әрқайсысы өз өнімдерін таныстырып, келушілердің талғамынан шығуға тырысты.


ТҰРСЫНКҮЛ ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ, UMMAISHA КОНДИТЕРЛІК ҮЙІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
 Бүгін біз фестивальге бургер торт жасадық. Біздің бірінші қатысып жатқан сайысымыз.Өте керемет өтіп жатыр.


 Фестивальдің алғашқы сағаттарынан-ақ алаңға жиналған халықтың қатары артып, мерекелік көңіл-күй орнады. Келушілер мұндай ауқымды жиын шаһарда алғаш рет өтіп жатқанын айтады.


АБЫЛАЙХАН  МҰСТАФА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Жалпы, мұндай фуд фестиваль Шымкентте алғаш рет болып отыр.Алдында өткендер мұндай көлемде болған жоқ.Шымкент елдегі тағамдар отаны ғой.Сол себепті де, мұндай фестивальдер көп болуы керек деп есептеймін.


Жаңаша ұйымдастырылған фестивальде ауқымды хот-дог дайындалды. Әдеттегі тағамның бұл жолғы көлемі келушілерді таңғалдырмай қоймады. Ерекше бастама  Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Алып тағамның әзірлену барысын қонақтар да қызығушылықпен тамашалады.


ЗАМАНБЕК ОРЫНБЕКОВ, «VISIT SHYMKENT» ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Фестивальдің басты мақсаты–қаламыздағы көше тағамдарын ұсынатын барлық мейрамхананы осында жинап, оларға жақсы көңіл-күй сыйлау.Бүгін Қазақстанның рекордтар кітабына енетін үлкен хот-дог дайындалады.Оны өзіміздің серіктесіміз «Нәрлен» компаниясы дайындап жатыр.


 «Street Food Fest» фестивалі жергілікті  тағам мәдениетін танытумен қатар, Шымкенттің туристік әлеуетін арттыруды көздейді. Гастрономиялық жиын мәдени-музыкалық бағдарламамен жалғасты. Кеш бойы сахнада түрлі музыкалық композициялар орындалып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Бөлісу