ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ТАРТЫСТЫ ТУРНИР
Шымкентте шағын футболдан тартысты турнир өтті. Жарысты Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейін 2003 жылы тәмамдаған түлектер ұйымдастырды. Ала доп додасында мектептің әр жылдардағы түлектерінен құралған 9 команда бақ сынады.
Шымкент. Sportvilla спорт кешені. Турнир әдеттегідей ел Әнұранымен ашылды.
Турнирдің ашылу салтанатында қала мәслихатының депутаты, спорт саласының өкілдері, сондай-ақ мектептің қазіргі және бұрынғы директорлары сөз сөйлеп, ойыншыларға сәттілік тіледі.
АБЫЛАЙ МЫРЗАБАЕВ, ТУРНИРДІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ, 2003 ЖЫЛҒЫ МЕКТЕП ТҮЛЕГІ
– Жүлде қорымыз: бірінші орынға – 500 мың, екінші орынға – 300 мың, үшінші орынға – 200 мың теңге. Сонымен қатар жақсы ойын көрсеткен шабуылшы, қақпашы секілді үздік ойыншыларды да атап өтеміз. Аллаға шүкір, турнир жақсы деңгейде өтіп жатыр.
Командалар айналмалы жүйе бойынша бақ сынады. Алаңда ешкім ешкімге жол берген жоқ. Әр ойын тартысты өтіп, футболшылар жеңіске барын салды.
ДАСТАН ЖЕЛЕУОВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ
– Командалар арасындағы белсенділік өте жоғары. Біз 1980 жылғы түлектерміз, үш командамен ойнадық. Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы – қатысу. Бір-бірімізбен ойнап, көрісіп, хал сұрасқанымыздың өзі біз үшін үлкен қуаныш.
Саттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейінің тарихы терең. 43 жыл ішінде білім ордасынан 50 мыңнан астам түлек түлеп ұшқан. Бүгінде олар түрлі салада еңбек етіп жүр. Бұл жолы мектеп түлектері футбол алаңында қайта бас қосып, достықты жаңғыртты. Жарыс соңында үздік командалар мен көзге түскен ойыншылар марапатталды.