Негізгі Жаңалықтар АУЫЛДАРҒА ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЕШЕН БАРАДЫ

АУЫЛДАРҒА ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЕШЕН БАРАДЫ

Түркістан облысының денсаулық сақтау саласында маңызды жоба жүзеге асты. «Қазақстан халқына» қоры «Денсаулық жолы» жобасы аясында өңірге 2 жылжымалы медициналық кешен тарту етті. Игі бастама «Қазақстан халқына – 2026» V Ұлттық қайырымдылық конференциясы аясында жүзеге асырылды.


Жобаның жалпы құны – 1,1 миллиард теңге. Жылжымалы кешендер заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Біріншісінде компьютерлік томография аппараты болса, екіншісінде маммографиялық және эксперттік санаттағы ультрадыбыстық зерттеу аппараттары орнатылған.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Енді тұрғындарымызға әр тексеруден өту үшін облыс орталығына немесе ірі қалаларға барудың қажеті азаяды. Медицина халыққа жақындай түседі, ал сапалы диагностика қолжетімді болады. Ауруды ерте анықтау – ем нәтижесін жақсартып, адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Оларды сатып алуға көрсеткен қолдауы үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ерекше алғысымызды білдіреміз.


Заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауыл тұрғындарына облыс орталығына бармай-ақ қажетті тексерулерден өтуге мүмкіндік береді. Бұл өңірдегі профилактикалық медициналық көмекті күшейтіп, ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін арттырады.


 ЛӘЗЗАТ ШЫҢҒЫСБАЕВА, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ
 Мамандар ертең әртүрлі пациенттердің жағдайын көріп, сіздерге кеңес беріп отырады. Басты құндылық – халқымыз.


Медициналық кешендерді тапсыру рәсімінен кейін облыс әкімі мен «Қазақстан халқына» қорының басшылығы «Конгресс-холл» кешеніндегі көрмені тамашалады. Мұнда қордың қолдауымен жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар таныстырылды. Айта кетейік, Түркістан облысында 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 25 жоба жүзеге асырылды. Өңірдегі әлеуметтік бастамаларға 20 миллиард 375 миллион теңгеден астам қаражат бағытталған.


Бөлісу