«АҚ ДИДАРЛЫ ӘЖЕЛЕР» ӨНЕР САЙЫСЫ
Түркістанда Қарттар күніне орай ақ жаулықты әжелер арасында өнер сайысы өтті. «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен қалалық мәдениет үйі ұйымдастырған шара «Ақ дидарлы әжелер» деп аталды. Өнерлі әжелер сахна төрінде ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, қолөнер шеберлігін көрсетті. Сондай-ақ ұрпақ тәрбиесіндегі әже өнегесінің маңызын айтып, тағылымды әңгімелерімен бөлісті.
Сайысқа қатысқан әжелер екі кезеңде бақ сынады. Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерін, отбасын, өнері мен өмір жолын таныстырды. Ал «Өнерім – өмірім» кезеңінде ән айтып, би билеп, өлең оқып, ұлттық салт-дәстүрден көрініс қойды.
ҚАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕЕВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ
Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып әжелеріміздің бойынан көрініс табады. Әжелеріміздің киген кимешегіне, әдемілігіне, жұмсақ мінезі мен инабаттылығына қарап, біз де көп нәрсе үйрендік. Қолына ісін алып, әдемі сөзін айтып, қыз тәрбиелеген халықпыз. «Ақ дидарлы әжелер» байқауының өтуі де бекер емес. Мемлекет басшысының қарттарға деген қамқорлығы жоғары.
Шара аясында әжелердің өз қолдарымен жасаған ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Кесте, құрақ, ою-өрнек, зергерлік бұйымдар мен өзге де қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
ҚАДЫРБОЛАТ МҰСАҒАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бұл байқаудың ерекшелігі – әжелеріміздің зейнеткерлік жаста болса да, үйде отырмай, қоғаммен бірге белсенді өмір сүріп жүргенін көрсетуінде. Олар ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, ата-әжелерінен қалған ұлттық өнерді көпшілікке таныстырып жатыр. Бұл – ұрпақ сабақтастығының көрінісі. Жаңа ғана көргеніміздей, он саусағынан өнер тамған әжелеріміз бар. Ұмытылып бара жатқан дүниелерді қайта жаңғыртып, көпшілікке таныстырып жүр.
«Ақ дидарлы әжелер» сайысында қатысушылар өнері мен шеберлігін ортаға салып, ұлттық құндылықтарды дәріптеді. Байқау қорытындысында жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды.