ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ӘКІМ БАҚЫЛАУЫНДА
Шымкент қарқынды дамып, күннен күнге көркейіп келеді. Жаңа әлеуметтік нысандар салынып, жолдар ұзартылуда. Атқарылып жатқан жұмыстың барлығын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бақылап, құрылыстың сапалы атқарылуынын қадағалап жүр.
Бұл жолы әкім қаладағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Сапар барысында алдымен №1 емхананың тыныс-тіршілігімен танысып, медициналық қызметтің қолжетімділігіне баса назар аударылды. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам студент білім алатын Жоғары медициналық колледждің жұмысы мен жатақхана жағдайы тексерілді. Ал 200 мың тұрғынға қызмет көрсететін №3 аурухананың күрделі жөндеуі сапалы жүргізілуі тиіс. Бұдан бөлек, Рысқұлбеков көшесіндегі бос орынды абаттандыру, Қапал батыр көшесін жөндеу және Күншығыс шағынауданындағы ойын алаңының құрылысы бақылауға алынды. Аралау соңында «Fabe-Agro» серіктестігінің 144 гектар аумақта салынып жатқан жылыжай кешенінің құрылысымен танысты. Құны 68 миллиард теңгеден асатын бұл жоба іске асқанда 800 жаңа жұмыс орны ашылмақ.