Негізгі Жаңалықтар САБЫРХАНДАР ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

САБЫРХАНДАР ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

Ағайынды Сабырхандар елге жеңіспен оралды! Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өткен ХХ Азия ойындарында көк туымызды желбіреткен қазақ боксының қос саңлағы – Махмұд және Төрехан Сабырхандарды жанкүйерлер ерекше ықыласпен қарсы алды.


Ағайынды Сабырхандар Азия құрлығындағы басты спорт додаларының бірінде ел намысын абыроймен қорғады. 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанып, алтын медаль иеленді. Финалда ол Иордания боксшысы Зеяд Ишаишті 5:0 есебімен жеңді. Бұл – Қазақстан боксшыларының Азия ойындарындағы 12 жылдан кейінгі алғашқы алтыны.


ТӨРЕХАН САБЫРХАН, АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ
Осы уақытқа дейін 12 жыл алтын болмаған еді. Аллаға шүкір сол алтынды алғаныма қуаныштымын. Жеңісімді Шымкентке емес, ауылыма емес қазақ еліне арнаймын. Жанкүйерлердің қолдауы өте керемет. Сол сәтте өзімді жеңіл сезініп қаламын. Өйткені Шымкент қаласы, қазақ халқы бокс спортын өте қатты жақсы көреді.


Ал 55 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Махмұд Сабырхан жартылай финалға дейін жетіп, Филиппин өкілі Карло Пааламмен тартысты жекпе-жек өткізді. Кездесу 3:2 есебімен аяқталып, Махмұд Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.


МАХМҰД САБЫРХАН, АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ
Төрехан бауырыммен бірге барған үшінші жарысымыз. Бір бөлмеде жатқаннан кейін бірі-бірімізге қолдау көрсетеміз. Төреханна қарағанда мен көбірек жарыс көрдім. Өзімнің жасаған қателіктерімді айтып, ақылымды айтып отырамын.


Ағайынды спортшыларды Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионнан жанкүйерлер, туған-туыстары мен жас спортшылар зор ықыласпен қарсы алды. Көк ту көтеріп, чемпиондарға қошемет көрсеткен көпшілік спортшыларға деген ел ықыласының ерекше екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Бөлісу