АГРОКОЛЛЕДЖДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚОЛДАНЫЛАДЫ
Мақтаарал аграрлық колледжінің студенттері цифрлық технологияларды меңгеріп, жасанды интеллектіні оқу мен тәжірибеде тиімді пайдаланып жүр. Мырзашөлдік жастардың қолға алған жобалары да аз емес. Бірі – төрт түліктен кездесетін ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін жоба әзірлесе, енді бірі – «ақылды үйдің» электр жүйесін құрастырып жатыр. Жобалардың барлығы заманауи құрылғылар мен зертханаларда жүзеге асады. Ғасырдан астам тарихы бар білім ордасындағы жаңашылдықты тілші тарқатады.
Рамазан Рүстемов «ақылды үйдің» электр жүйесін монтаждап, автоматтандыру жобасын әзірлеп жатыр. Құрылысқа қажетті сызбаларды өзі дайындаған. Ал күрделі жүйелерді жетілдіру кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланады. Оның жобасы облыстық «WorldSkills Turkistan – 2026» чемпионатында 400-ден астам жұмыстың арасынан үздік деп танылып, студентке республикалық кезеңге жолдама берілді.
РАМАЗАН РҮСТЕМОВ, ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ СТУДЕНТІ
Біз Түркістан облысы бойынша «WorldSkills Turkistan – 2026» облыстық чемпионатында «WorldSkills» бағыты бойынша бірінші орын алдық. Астана қаласына жолдама алдық. Жасанды интеллектінің бізге көмегі өте көп. Компьютер арқылы бағдарлама жазып, оны жүйеге енгізіп, сол арқылы құрылғыларды басқарамыз. Электр жүйесінің автоматты түрде жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз.
Колледжде агросалаға қажетті 10 мамандық бойынша мамандар даярланады. Әр бағыт заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Әсіресе өңір үшін ветеринария мен гидротехникалық мелиорация мамандықтарына сұраныс жоғары.
БЕКЗАТ НАУРЫЗБАЕВ, ВЕТЕРИНАРИЯ БӨЛІМІНІҢ 4-КУРС СТУДЕНТІ
Бұл жерде қан құрамын, мал ауруларын қоздыратын факторларды тексере аламыз. Қазіргі микроскоптарымыз заман талабына сай. Бұрын микроскоп арқылы ғана қарайтын болсақ, қазір монитордан да анық көруге болады.
Колледжде STEAM кабинеті де жұмыс істейді. Мұнда студенттер 3D принтердің көмегімен түрлі бөлшектер мен оқу құралдарын әзірлейді. Осылайша теорияны тәжірибемен ұштастырып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді қолдануды үйренеді.
ШҰҒА ТЕМІРБЕКОВА, ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Біздің колледжде цифрлық технологияларды, 3D принтерді, мультимедиалық құрылғыларды, LED экранды сабақ барысында тиімді қолдану жолдарын үйретеміз. Балаларға бұл өте қызықты әрі түсінікті. Себебі ғылыми дүниені сөзбен ғана түсіндіргеннен гөрі, іс жүзінде көрсетсең, оқушының есінде ұзақ сақталады.
Колледждің стратегиялық даму жоспары аясында өңірдегі 28 кәсіпорынмен келісім жасалған. Жұмыс берушілердің талаптары ескеріліп, арнайы оқу бағдарламалары әзірленген. Соның негізінде студенттер дуальды оқыту жүйесі арқылы білім алады. Яғни колледждегі теорияны өндірісте тәжірибемен ұштастырады. Ғасырдан астам тарихы бар білім ордасынан осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам шәкірт түлеп ұшқан. Бүгінде олардың ізін жалғаған жастар дәстүрлі біліммен қатар, цифрлық технологияларды да меңгеріп келеді.