«КӘСІБИ БІЛІМ – КЕМЕЛ БОЛАШАҚ»
Шымкентте Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күніне орай «Кәсіби білім – кемел болашақ» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды. Онда сала мамандарына құрмет көрсетіліп, кәсіби білім берудің маңызы сөз болды. Білім саласының өкілдері бас қосқан шарада үздіктер марапатталды.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі – еңбек нарығына қажетті мамандар даярлайтын маңызды сала. Қазір Шымкенттегі 35 колледжде 48 мыңнан астам студент білім алады. Кәсіпорындармен әріптестіктің нәтижесінде 22 колледжде 10 мыңға жуық студент дуальды оқыту жүйесімен кәсіби білім алып жатыр.
ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптарымен толық сәйкестендірілген.
Колледждердегі білім сапасы білікті ұстаздар мен тәжірибелі мамандардың еңбегіне тікелей байланысты. Олар жастарға кәсіби білім беріп қана қоймай, еңбек нарығына бейімделуіне жол ашады. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуы қала экономикасы үшін де маңызды.
АЛЬБИНА ЕЛШИЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Кәсіптік және техникалық білім беру қаламыз үшін ерекше орны бөлек сала деп білеміз. Себебі мегаполисіміз қарқынды дамып келе жатқан, жастары көп қала. Сондықтан қаланың бүгінгі келбеті ғана емес, ертеңгі дамуы да сіздер білім беріп жатқан білімді жастарымызға байланысты.
Салтанатты жиында білім беру саласының дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкер марапатталды. Шара соңы Шымкент музыкалық колледжінің шығармашылық ұжымдары әзірлеген мерекелік концертке ұласты.