«ЗИЯТКЕР»:ЖЕҢІМПАЗДАРҒА БІЛІМ ГРАНТЫ БЕРІЛЕДІ
Бүгін Шымкентте білім мен білікті, зерде мен зейінді қатар сынға салған «Зияткер» интеллектуалды сайысының іріктеу кезеңі өтті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Шымкент қаласындағы өкілдігі ұйымдастырған жобаға 63 мектептен 324 оқушы қатысты. Енді кіл мықты арасынан озып шығып, ақтық додаға жолдама алған 48 оқушы Оңтүстік телеарнасында өтетін жаңа жобада бақ сынайды.
«Зияткер» интеллектуалды сайысы – білімді жастардың басын қосып, талантын шыңдауды көздейтін дәстүрлі жоба. Қызылорда қаласынан бастау алған бұл байқау Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда әр сауал талап пен табандылықты таразылайды.
ЖАНДОС ОРАЗМАХАНОВ, ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл байқауды біз өкілдіктің жұмысының аясында Оңтүстік телеарнасмен бірлесе отырып,ол кісілердің келісімін алып, алғаш рет жасап көріп жатырмыз.Осыған дейін бес маусымы Қызылордада өтті.Дарынды жастардың экосистемасын қалыптастыруда бұл сайыстың маңызы зор.
Білім бәйгесінде оқушылар әдебиет пен тарихтан бастап, ғылымның түрлі салаларына қатысты сауалдарға жауап беріп, логикалық ойлау қабілеті мен шапшаңдығын көрсетеді. Жеті кезеңнен тұратын сайыс ойы ұшқыр, танымы көкжиегі кең жастардың қарым-қабілетін жан-жақты саралауға бағытталған. Зияткерлік додаға алғаш қатысқалы тұрған Анэль де байқаудың мән-маңызын айрықша атап өтті.
АНЭЛЬ АБУТАЛИП, ОҚУШЫ
Бірінші кезең іріктеуі болды, онда мен 50-ден 43 ұпай жинап, екінші турға келіп тұрмын.Менің ойымша, бұл оқушыларға деген үлкен қолдау.Бұл жарыста жеңіп шығу екінің-бірінің қолынан келмейді. Мұнда тек шын мықтылар ғана анықталады.
Ой мен тапқырлықтың тартысы көрерменге 12 қазаннан бастап «Оңтүстік» телеарнасынан жол тартады. Телевизиялық форматтағы бұл жоба жыл соңына дейін жалғасады. Ақтық сынның жүгі де жеңіл емес.Себебі, 48 оқушының ішінен оқ бойы озып шыққан үш білімпазға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталады.