СОҢҒЫ 7 ЖЫЛДА 142 МЕКТЕП САЛЫНҒАН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы 7 жылда елімізде 1342 мектеп салынған. Білім ошақтары 1 млн-нан аса оқушыны қамтиды.
Президент пайымынша, жас ұрпақ дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада, өркениетті қоғамда өмір сүруі керек. Қазір Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар, яғни, еліміздің әрбір бесінші азаматы мектепте білім алып жатыр. Өркениетті әрі озық елдің қуаты оның табиғи байлығымен емес, ең алдымен, адам капиталының сапасымен өлшенеді. Мемлекеттің әлемдегі орны да, экономикалық әлеуеті де қоғамдағы білім мен ғылымның деңгейіне тәуелді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған оқу ордалары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқушыға арналған осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан. Осылай деген президент білім сапасына мұқият көңіл бөлу қажетін айтты.