КҮРІШ ОРЫЛЫП ЖАТЫР
Шардаралық шаруалар күріш ору науқанын қызу жүргізіп жатыр. Биыл ауданда 3 мың 500 гектардан астам жерге күріш егілген. Алқапта сақылдаған су жаңа шетелдік техникалар тәулігіне 10 гектарға дейін егін орады. Диқандардың айтуынша, түсім жаман емес. Шардара – Түркістан облысында күрішті ең көп егетін аудан. Шардараның күріші бүгінде ұлттық брендке айналып келеді.
ҚАНАТ ЖҮНІСБЕК, ТІЛШІ:
«Берекені көктен емес, еткен еңбектен тілеген» шардаралық диқандар күріш ору науқанын қызу жүргізіп жатыр. Қазір егістік алқаптарында су жаңа техникалар сақылдап жұмыс істеп тұр. Мына шетелдік комбайн тәулігіне 10 гектарға дейін күріш оруға қауқарлы. Ал қоймасына 8 тоннаға дейін астық сыяды. Заманауи техниканы жергілікті мамандар толық меңгерген. Қажет болса, бұзылған тетіктерін де өздері жөндейді.
Нұржан Махамбетов ауыл шаруашылығы саласында 10 жылдан бері механизатор болып еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде талай техниканы тізгіндеген. Оның айтуынша, бұрынғы комбайндар тәулігіне 5 гектар жерді әрең орса, жаңа техниканың өнімділігі екі есеге жоғары. Жұмысы да жеңіл.
НҰРЖАН МАХАМБЕТОВ, МЕХАНИЗАТОР:
Адамға өте жайлы. Барлық жағдай жасалған. Бұрынғы кеңестік техникаға қарағанда жылдам. Көп гектар орасың. Бұрын 5-6 гектар орсаң, мұнымен бір күнде 10-12 гектарға дейін орасың. Мұны 10 жастағы бала да басқара алады. Бәрі джойстикпен басқарылады. Тек сабырмен қарап отырасың. Күтімді жақсы көреді. Майын, суын уақытында қарап отырсаң, жұмысын істей береді. Монитордан қанша тонна, қанша гектар орылғанын көріп отырасың. Қандай да бір ақау болса, бірден хабар береді.
Шардара ауданының жері күріш егуге қолайлы. Мамандардың айтуынша, бұл дақыл топырақтың сортаңдануын азайтуға да септігін тигізеді. Соңғы жылдары су тапшылығына байланысты күріш алқабының көлемі қысқарғанымен, өнімділік артқан. Оның үстіне күріш егілген жерге келесі жылы басқа дақыл егіп, мол өнім алуға мүмкіндік бар.
АЛМАСБАЙ ЖАСҰЗАҚОВ, АЛАТАУ БАТЫР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМДІГІНІҢ БАС МАМАНЫ
Алатау батыр ауылдық округінде 11 695 гектар суармалы жер бар. Соның 953 гектарына күріш дақылы егілді.
Биыл Шардара ауданында 50 мыңнан астам гектарға түрлі дәнді дақылдар егілген. Бақша өнімдерінің алғашқы легі көктемде экспортқа жөнелтілді. Қазір егін жинау науқанының қызған шағы. Басты міндет – ала жазғы еңбекті ысырапсыз жинап алу.
НҰРБАҚЫТ НҰРСЕЙІТОВ, ШАРДАРА АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Су тапшылығына байланысты былтыр 6 мың гектарға күріш еккен болсақ, биыл 3 мың 500 гектарға ектік.
Ауданда егістік алқаптарын сумен қамту және жер асты суының деңгейін төмендету жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Үлкен Қызылқұм каналының табаны бетонмен қапталып, тік және көлденең дренаждар мен қашыртқылар қалпына келтірілуде. Сонымен қатар мақта алқабын азайтып, орнына бұршақ тұқымдас дақылдар егілмек. Себебі аудан орталығында жүгері өңдейтін зауыт іске қосылған. Бұл – өңірде жүгері кластерін дамытуға мүмкіндік береді.