Негізгі Жаңалықтар ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН ӨРЕСКЕЛ БҰЗҒАН ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҰСТАЛДЫ

ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН ӨРЕСКЕЛ БҰЗҒАН ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҰСТАЛДЫ

Шымкентте мас күйінде көлік басқарған жүргізуші 15 тәулікке қамалды. Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған автокөлікті тоқтатқан.

Тексеру барысында көлік тізгінінде 36 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны отырғаны анықталды. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын растады.Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар көлік құралын мас жүргізушіге басқаруға берген автокөлік иесінің де алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Оған көлік құралын мас күйдегі адамға басқаруға бергені үшін көлік басқару құқығынан айыру жазасы қолданылды.

Сондай-ақ, Түркістан облысында жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші ұсталды. Патрульдік полиция қызметкерлері KIA автокөлігін Шымкенттен Түркістан бағытына қарай жүріп бара жатқан жерінен тоқтатқан.

Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі белгіленген орында болмай, оның орнына жүргізушінің Шако деген лақап аты жазылғаны анықталды. Тексеру барысында көлікті 32 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны басқарғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері жүргізушіге мемлекеттік тіркеу белгілерінсіз көлік құралын басқарудың заң талаптарына қайшы екенін түсіндіріп, әкімшілік шара қолданды. Көлік айыптұраққа қойылды.



Бөлісу