МАЙ ЗАУЫТЫ МЕН ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫНАДЫ
Арыс қаласында жаңа май зауыты мен логистикалық орталық іске қосылады. Ауыл шаруашылығын терең өңдеу, өнімдерді сақтау және логистика бағытында бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров іссапар барысында өндіріс орындарының құрылыс алаңында болып, жобалармен танысты.
Компания Арыстағы 9 гектар аумақта күнбағыс, мақта және мақсары майын өндіретін зауыттың құрылысын жүргізуде. Инвестициялық құны – 11 млрд теңге. Өндіріс орны тәулігіне 500 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба аясында 150 жұмыс орнын ашу көзделген. Зауыттың құрылысы былтыр басталып, келесі жылы іске қосылады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, «MEGA-AGAT АГРО» ЖШС 1 гектар жерде автомобиль және теміржол арқылы тікелей қоссылған бағыттар бойынша жүктерді ауыстырып тиеу орталығының құрылысын жүргізуде. Инвестициялық құны – 200 млн теңге. Нысан тәулігіне 2 мың тоннаға дейін жүк қабылдауға қауқарлы. Жоба автомобиль және теміржол көлігі арқылы жүк тасымалын тиімді ұйымдастырып, өңірдің логистикалық мүмкіндігін арттыруға бағытталған.