Негізгі Жаңалықтар ҚАУЫН ЭКСПОРТТАЛЫП, МАҚТА ТЕРІЛІП ЖАТЫР

ҚАУЫН ЭКСПОРТТАЛЫП, МАҚТА ТЕРІЛІП ЖАТЫР

Шардаралық шаруалар бақша өнімдерін экспорттап, мақта теріміне кірісті. Қауын-қарбыз шетел нарығына жөнелтіліп жатса, мақта мен күріш алқаптарында науқан қызған. Диқандар үшін қазір басты міндет – өнімді ысырапсыз жинап, күзгі еңбектің берекесін көру.

Сыдық Бөгенбаев отбасымен бірге егін шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Жеріне қауын-қарбыз бен мақта егеді, мал да ұстайды. Қазір отбасы бақша өнімдерін жинап, шетелге жөнелтуде. Шаруаның айтуынша, ауылда еңбек еткен адамға жұмыс та, нәпақа да бар.


СЫДЫҚ БӨГЕНБАЕВ, ДИҚАН
Ауылда бәріміз диқандармыз, осы кәсіппен күн көреміз. Балаларым да егін шаруашылығымен айналысады. Қазір қауын жинап жатырмыз. Отбасымызбен жұмыла еңбек етудеміз. Қауындарымыз Ресейге, шетелге экспортталып жатыр. Екі түрлі қауын егеміз.


Қауын-қарбызға сұраныс жоғары болғанымен, экспортқа қойылатын талап та қатаң. Өнім сапалы әрі алыс жолға төзімді болуы керек. Сондықтан әр қауын мұқият сұрыпталады. Бір ғана бүлінген өнім тұтас жүктің сапасына әсер етуі мүмкін.


ЖҰЛДЫЗ БЕГМАНОВА, ШАРУА
Бір қорапқа бес-алты қауын саламыз. Шіріген, жарылғандарын қоспаймыз. Сұрыптау кезінде бірден көрініп тұрады. Жақсысын іріктеп, қораптарға саламыз. Күніне 1200-1300 қорап өнім дайындаймыз.


Шардара ауданында егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаушықұм алқабындағы игерілмей жатқан жерлерді суландыру үшін су қоймасынан бастау алатын канал салынуда. Жоба нәтижесінде 12 мың гектардан астам жерді суармалы егістікке айналдыру көзделген. Қазір су тартқыш пен сорғы станциясын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жоспар бойынша су қоймасынан каналға дейін екі сорғы орнатылады.


НҰРБАҚЫТ НҰРСЕЙІТОВ, ШАРДАРА АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Аталған жерде 12 мың 192 гектар жерді суландыру жоспарланған. Жобаға Ислам даму банкі арқылы республикалық бюджеттен 17 миллиард теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жалпы, жобаны жүзеге асыруға үш жыл уақыт берілген. Мердігер мекеме нысанды 2027 жылдың күзінде тапсыруды жоспарлап отыр.


Бұл – ауданның ауыл шаруашылығын өркендетуге жол ашатын маңызды жобалардың бірі. Суармалы жер көлемі ұлғайса, жаңа алқаптар игеріліп, егін түрлерін көбейтуге мүмкіндік туады. Әсіресе, бақша дақылдарын өсіруге қолайлы Жаушықұм алқабының әлеуеті зор. Шардараның қауын-қарбызына сұраныс жоғары. Сондықтан жаңа канал шаруалардың табысын арттырып, аудан экономикасына тың серпін береді деген үміт бар

Бөлісу