КӘСІПОРЫНДАР БАҚЫЛАУДА
Шымкентте кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін зерделейтін арнайы жұмыс тобы құрылды. Қала әкімінің тапсырмасымен жасақталған топтың құрамында тұрғындар, экоактивистер, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының өкілдері бар. Олар алғашқы көшпелі отырысты ірі мұнай өңдеу зауытында өткізіп, өндіріс барысымен және экологиялық қауіпсіздік шараларымен танысты.
Жұмыс тобы қаладағы ірі және орта кәсіпорындардың ауаға шығаратын зиянды заттарын бақылап, экологиялық талаптардың сақталуын зерделейді. Алғашқы кездесуде зауыт өкілдері жұмыс тобы мүшелеріне мұнайдың кәсіпорынға жеткізілуінен бастап, оны өңдеу мен өндірістік қалдықтарды жоюға дейінгі үдерісті көрсетті. Сондай-ақ тұрғындар мен мемлекеттік орган өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
ӘБІЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі уақытта мұнай зауытына шикізаттың қандай жолмен келетіндігі. Ол қалай өндірілетіндігі, одан қалған қалдықтар қалай жойылатындығы бізге зауыт өкілдері толық көрсетті. Тұрғындардың сұрақтарына толық жауап берді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес бұл жұмыстар жалғасады.
Кәсіпорын маңындағы елді мекен тұрғындарын, әсіресе, жағымсыз иіс мәселесі алаңдатады. Осыған байланысты жұмыс тобы өндірістік нысандарды аралап, экологиялық қауіпсіздік шараларымен танысты. Зауыт өкілдері газдарды тазартуға арналған қондырғылардың жұмысын көрсетіп, олардың тиімділігі туралы ақпарат берді.
НАЗКЕН МАХАМБЕТОВА, «ПЕТРОҚАЗАҚСТАН» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бізде модернизация кезінде іске қосылған ВК-скруббер түтін газдарын, күкірт диоксидін және қатты бөлшектерді тазартуға арналған. Қазіргі уақытта жағымсыз иістің шығу көзін анықтау үшін аспаптық өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кездесу барысында да тиісті өлшеулер жасалды. Оның нәтижесінде рұқсат етілген көрсеткіштерден ауытқу анықталмағанын хабарлаймыз.
Көшпелі отырыс барысында тұрғындар кәсіпорын аумағын кешкі уақытта да тексеру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Жұмыс тобының өкілдері тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын ескере отырып, өзге де кәсіпорындарда зерделеу жұмыстарын жалғастырмақ.
КЕҢЕС ЕГЕНҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Барлығын жақсы таныстырды. Көрдік көзіміз жетті. Газаанализатормен өлшедік. Бес алты жерін тексеріп көрдік. Зиянды заттардың нормадан асқанын көрмедік.
Жұмыс тобының негізгі міндеті – экологиялық мәселелерді ашық талқылау, тұрғындардың талап-тілектерін ескеру және кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін бақылау. Бұл бағыттағы жұмыстар қаладағы өзге де өндіріс орындарында жалғасады.