ЗАМАНАУИ МАЛ БОРДАҚЫЛАУ КЕШЕНІ
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 4,3 млрд теңгеге заманауи мал бордақылау кешені салынып жатыр. Америкалық технология негізінде жүзеге асырылып жатқан жоба бір мезгілде 5 мың бас ірі қараны бордақылауға мүмкіндік береді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауданға жұмыс сапары барысында Қақпақ ауылдық округінде болып, «Қарқын-2030» ЖШС-нің инвестициялық жобасымен танысты.
16 гектар аумақты алып жатқан кешеннің құрылысы 2025 жылы басталған. Нысан ветеринариялық, санитариялық және технологиялық талаптарға сай жабдықталады. Мұнда өндірістік үдерістерді автоматтандыру, жем-шөп дайындау, малды күтіп-бағу және қалдықтарды басқару жүйелері қарастырылған.
Жоба Қазығұрт ауданының мал шаруашылығындағы әлеуетін арттырып, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына үлес қосуды көздейді. Сонымен қатар ет өндірісін ұлғайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта кешенге 3700 бас ірі қара қабылданып, оның 2500-і бордақыланған.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамытуда инвестициялық жобалардың маңызы зор екенін атап өтті. Түркістан облысында салаға инвестиция тартуға және заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріліп отыр. Мұндай бастамалар өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.