«АСЫЛ МҰРА» ТК ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Шымкентте құрылысы бірнеше жылға созылған «Асыл Мұра» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Бес қабатты үйде құрылысқа қатысты туындаған мәселелер салдарынан кейбір тұрғындар пәтерлерін төрт жыл бойы күтуге мәжбүр болған. Нысан былтыр қайта қолға алынып, кепілдікпен толық аяқталды.
Бұл күнді тұрғындар ұзақ күтті. Төрт жыл бойы баспанасына қол жеткізе алмаған үлескерлердің үміті ақталып, «Асыл Мұра» тұрғын үй кешені есігін айқара ашты. Бес қабатты нысан құрылыс кезінде туындаған қиындықтарға байланысты толық салынбай тоқтап қалған.
ТОЛҒАНАЙ ЖИЕНБАЕВА, ТҰРҒЫН
Үйді өте қиыншылықпен алдық. Котлованнан бастап ақшасын бірден құйғанбыз. Содан берілместен 4 жыл тұрды. Неше қиындық көрдік, жыладық, сықтадық. Ешкім қимылдамады, содан осы «OKS Group» компаниясы келіп қолға алып, бүгі той жасады. Қуанышымызда шек жоқ.
2024 жылдың қыркүйегінде «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» кепілдік жағдайының орын алғанын жариялап, нысанды аяқтау міндетін өз мойнына алған. Одан кейін ғимараттың техникалық және қаржылық жағдайына аудит жүргізіліп, жобалық құжаттама жаңартылған. Қажетті жұмыстардан соң құрылысқа «OKS Group» компаниясы тартылды.
АЛТАЙ КҮЗДІБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫН ҮЙ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
Өткен жылы желтоқсан айында кіріп, осы қазан айының басында 1 жылдың ішінде нысанды кесте бойынша бітіріп, іске қосып жатырмыз. Осы кейс енді мемлекетімізде кепілдік беру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, оның қандай кемшіліктері мен артықшылықтары бар екенін көрсетіп тұр.
Жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асатын кешенде бір, екі және үш бөлмелі 112 пәтер бар. Пәтерлердің басым бөлігі сатылып кеткен. Оннан астам баспана әлі де өз иесін күтіп тұр. Бұл кепілдік жағдайы орын алғаннан кейін құрылысы сәтті аяқталған екінші нысан.