АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Шымкентте Азия ойындарының күміс жүлдегерлері жастармен кездесті. Ауыр атлетикадан ел намысын қорғаған Нұрғиса Әділетұлы, Аянат Жұмағали мен Алексей Чуркин халықаралық жарыстағы әсерлерімен бөлісіп, спорттағы жетістіктерімен бөлісті.
Жеңіс жолы жеңіл емес. Оның артында күнделікті жаттығу, темірдей тәртіп пен табандылық жатыр. Халықаралық додада күміс медаль иеленген спортшылар Нұрғиса Әділетұлы, Аянат Жұмағали мен Алексей Чуркин жастармен кездесуде осыны ерекше атап өтті. Ал жас буын өкілдері үшін жүлдегерлермен жүздесіп, олардың тәжірибесін тыңдау — спортқа деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік.
Кездесуге «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов пен «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері де қатысты. Ербол Байқонысов халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылардың жетістігі жастарға үлгі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жүздесулер жас буынды мақсат қойып, оған жету жолында табанды болуға ынталандырады.
Кездесу соңында жастар спортшылармен еркін пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Айта кетейік, Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 35 спорт түрінен сынға түсіп, жарысты 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медальмен аяқтады. Жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.