ЖАҢА ЖОЛАЙЫРЫҚ АШЫЛДЫ
Шымкентте жаңа жолайырық ашылды. Қаланың күретамыры саналатын Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында көлік қозғалысы іске қосылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, эстакада үстімен жүріп өтті.
Жолайырықтың құрылысы былтыр желтоқсанда басталған. Мемлекет басшысының мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқан жоба мерзімінен бұрын аяқталды. Қазір эстакада үстімен көлік қатынасы ашылып, жол белгілері мен таңбалары салынған.
ДАНИЯР БОЛАТҰЛЫ, BSN STROYGROUP ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Құрылыс бізде 2025 жылдың желтоқсан айында басталған. Жоспар бойынша 2027 жылы біту керек еді. Мерзімінен бұрын эстакаданы аштық. Қиындықтар болды мерзімге қатысты бірақ тырысып осыны жасадық. Ең бастысы сапасы орынды.
Жолайырықтың жоғарғы деңгейінде көлік қозғалысы ашылғанымен, төменгі бөліктегі жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Мұнда айналма қозғалыс жолын, оң жақ өткел тармақтарын ретке келтіру және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін абаттандыру көзделген.
РОЛАН ИБРАГИМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Аталған эстакаданың ұзындығы 571 метр ені 20 метр. Жалпы толық жұмысты бітіру жыл соңына дейін жоспарланған.
Қала әкімі жол инфрақұрылымын дамыту мегаполистің қажеттілігіне сай жүргізілуі керектігін атап өтті. Жаңа жолайырық көлік кептелісін азайтып, тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге және қала көшелері арасындағы байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.
НҰРТАЙ ЖӘНІБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Осы құрлысшыларға риза болдым. Күні түні жатпай жұмыс істеді. Көпіріміз құтты болсын. Қалаға да жақсы көрініс болды.
Жаңа эстакаданың ашылуы зообақ маңындағы көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік берді. Ал жолайырықтың төменгі деңгейі мен іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба толық іске қосылғанда, бұл учаскеде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалмақ.