МАҚТА КЛАСТЕРІ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамытуға бағытталған жаңа экономикалық аймақ құрылады. Аумағы 100 гектарды құрайтын өндірістік аймақта жалпы құны 47 миллиард теңге болатын 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Кәсіпорындар толық қуатына шыққанда 845 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал ауданда қазірдің өзінде бірнеше мақта зауыты жұмыс істеп тұр. Жиын-терім науқаны қызған шақта кәсіпорындар диқандардың еңбегін ақтауға өз үлесін қосып келеді.
Ғафур Қожанов мақта зауытының өңдеу бөлімінде еңбек етеді. Ол ақ алтынды сұрыптап, өңдеуге дайындайды. Маманның айтуынша, егістіктен жеткізілген мақта кейде ылғалды болады. Әсіресе жауын-шашын кезінде мақта ылғалды тез сіңіреді. Сондықтан оны уақытылы кептіру маңызды. Әйтпесе мақта қызып, сапасы төмендеуі мүмкін.
ҒАФУР ҚОЖАНОВ, ЗАУЫТ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Бізде жұмыс жыл он екі ай жүреді. Қазір мақта қабылдап, өңдейміз. Одан кейін май өндіру жұмыстары басталады. Қыркүйекке дейін жабдықтарды жөндеп, толықтай жаңартып, келесі маусымға дайындаймыз. Зауытта 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Өзімнің айлығым – 350 мың теңге.
Кәсіпорын заманауи жабдықтармен қамтылған. Өндіріс үдерісі цифрлық жүйе арқылы басқарылады. Мұнда жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Мамандар техникалық ақауларды өздері жөндеп, жабдықтарды келесі маусымға дайындайды. Зауыт тәулігіне 400 тонна мақта өңдей алады. Сонымен қатар мақтаны бастапқы өңдеуден кейін қалған шикізатты кәдеге жаратуға бағытталған тағы бір зауыттың құрылысы жүріп жатыр.
АЙТПАЙ УӘЛИҰЛЫ, ЗАУЫТ ӨКІЛІ
Біздің 14 қабылдау бекетіміз бар. Қазір сол бекеттерде де, зауыттың өзінде де мақта қабылданып жатыр. Шаруалар ақшасын уақытылы алып отыр. Зауытта 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Жаз мезгілінде жабдықтарды майлау, бөлшектерін ауыстыру сияқты жұмыстарға 30 шақты адам тартылады. Маусым басталғанға дейін аппараттарымызды толық жөндеп, жаңартып шығамыз.
Мақта кластерін дамыту үшін аудандағы жаңа экономикалық аймақтың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын қалыптастыруға басымдық берілген. Мұнда су және кәріз жүйелері тартылып, газ, электр және байланыс желілері жүргізіледі. Өндірістік жобаларды іске қосу 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
ЖАРҚЫНБЕК МЫРЗАЛИЕВ, МАҚТААРАЛ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
Ауданда 7 мақта зауыты жұмыс істейді. Мақта кластерін дамыту бағытында алдағы уақытта мата өндіруді қолға алып, қосымша жаңа зауыттар салу жоспарланып отыр.
Экономикалық аймақта мақта мен мақта майын өңдеу, мақта талшығы мен иірім жіп өндіру кәсіпорындары ашылады. Сонымен қатар металл бұйымдарын, жаңартылатын энергетикаға қажетті жабдықтарды, құрылыс материалдары мен жиһаз өнімдерін шығаратын өндіріс орындарын іске қосу көзделген. Бұдан бөлек, полимерлі жабыны бар мырышталған жұқа болат өндіретін зауыт салу жоспарланған. Жаңа кәсіпорындар құрылыс пен өнеркәсіпке қажетті өнімдерді отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етуге жол ашады.