Негізгі Жаңалықтар САРБАЗДАР ДРОН БАСҚАРУДЫ ҮЙРЕНІП ЖҮР

САРБАЗДАР ДРОН БАСҚАРУДЫ ҮЙРЕНІП ЖҮР

САРБАЗДАР ДРОН БАСҚАРУДЫ ҮЙРЕНІП ЖҮР

Түркістан қаласындағы Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінде сарбаздар ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды үйреніп жатыр. Дрон операторларын даярлау жауынгерлік даярлық бағдарламасына енгізілген. Бұл бастама мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға заманауи технологияларды меңгеріп, жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.


Дрондар бүгінде әскери саланың маңызды құралдарының біріне айналды. Сондықтан ұландықтар ұшқышсыз аппараттарды басқаруды, олардың мүмкіндіктері мен қолдану ерекшеліктерін үйреніп жатыр. Жаңа бағыттағы дайындық сарбаздардың кәсіби машығын жетілдіріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындауда заманауи технологияларды тиімді пайдалануға жол ашады.


АРШАТ НҰРМАНОВ, ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ 5574 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ САРБАЗЫ
Дронға бес-алты жылдан бері қызығушылығым бар. Мобилография курсын оқыған кезде дронмен жұмыс істедім. Бірақ оның әскери салада да қолданылатынын білмеппін. Қазір дронды жауынгерлік тапсырмаларда қалай пайдалануды үйреніп жатырмыз. Сабақта олардың шығу тарихымен, түрлерімен, сипаттамаларымен және ұшу қашықтығымен таныстық.


Оқу сыныбында сарбаздар дрондардың құрылымын, басқару ережелерін, техникалық қызмет көрсету тәртібін және қолдану негіздерін меңгереді. Сабақтар кезең-кезеңімен өтеді. Алдымен теориялық білім беріліп, кейін әскери қызметшілер тәжірибелік жаттығулар арқылы алған дағдыларын шыңдайды.


ЕРДӘУЛЕТ СЕНБЕК, ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ 5574 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ ҰШҚЫШСЫЗ АВИАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕР ЕСЕПТОБЫНЫҢ АҒА МАМАНЫ
Осы жылдың басында дрондарды басқару сабақтары Ұлттық ұланның жауынгерлік даярлық бағдарламасына енгізілді. Соның негізінде Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінің оқу пунктінде сарбаздарға дрон басқаруды үйретіп жатырмыз. Сабақ барысында аппараттардың түрлері, шығу тарихы мен қолданылу аясы түсіндіріледі. Сондай-ақ Ұлттық ұланның қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауда дрондардың мүмкіндіктерін көрсетеміз.


Дрон басқаруды меңгерген сарбаздар алған білімдерін қызмет барысында қолданады. Олар Түркістан қаласында патрульдік қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады.

Бөлісу