БІР ДӘУІРДІҢ МӨЛДІРЕГЕН ЖАСТАРЫ ЕДІК
Мақтаарал ауданында Қарттар күніне орай «Бір дәуірдің мөлдіреген жастары едік» атты апталық ұйымдастырылды. Оның аясында аға буын өкілдері мен жастар арасында түрлі кездесулер мен танымдық шаралар өтті. Соның бірі – Мырзакент спорт кешенінде ұйымдастырылған спорттық сайыс. Жарысқа 40 жастан асқан ардагер ұстаздар қатысып, спорттың төрт түрінен өзара мықтыны анықтады.
Бейсе Әліқұлова шахматты бала кезінен ойнайды. Ұстаздың айтуынша, бұл ойын адамның ойлау қабілетін дамытып, есепке жүйрік болуға үйретеді. Өзі де математика пәнінен сабақ беретіндіктен, шахматты сүйікті ісіне айналдырған. Бүгінгі жарыс оған әріптестерімен жүздесіп, ой бөлісуге мүмкіндік берді.
БЕЙСЕ ӘЛІҚҰЛОВА, ҰСТАЗ
40 жастан асқан апай-ағайларымыздың шахмат ойнап, бір-бірімен тығыз араласып, байланыста болғанын қалаймын. Ой-өрісі кең, білімді әріптестерімізді көріп, олармен бірге ойнау – мен үшін үлкен қуаныш.
Ал Ербол Жорабеков атадан балаға мирас болып келе жатқан асық ойынының шебері. Сақасын шиіріп, қарсыластарымен бақ сынаған ұстаз келесі кезеңге жолдама алды. Оның айтуынша, асық ату баланы сабырлыққа, ептілік пен дәлдікке баулиды. Сондықтан ұлттық ойынды дәріптеу – ортақ міндет.
ЕРБОЛ ЖОРАБЕКОВ, ҰСТАЗ
Қазір асық ойыны жақсы дамып келеді. Бұл – ата-бабамыздан қалған ұлттық мұрамыз. Сондықтан ұлттық ойынды дәріптеп, дамытуға барынша атсалысып жатырмыз. Жарыс өте қызықты әрі тартысты өтіп жатыр.
ҚАНАЙ ТАСПОЛАТОВ, ҰСТАЗ
Спорт – денсаулық кепілі. Біз салауатты өмір салтын насихаттап жүрміз. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері ретінде өзіміз де спортпен айналысып, өзгелерге үлгі көрсетіп жатырмыз.
«Бір дәуірдің мөлдіреген жастары едік» атты апталық аясында бірқатар мәдени-танымдық және спорттық шара ұйымдастырылды. Бүгінгі сайысқа аудан мектептерінің ардагер ұстаздары қатысып, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, асық ату және шахматтан бақ сынады. Ұйымдастырушылардың мақсаты – аға буын өкілдерінің басын қосып, олардың белсенді өмір салтын қолдау әрі еңбегіне құрмет көрсету.
БАҚДӘУЛЕТ САТТАРОВ, МЫРЗАКЕНТ СПОРТ КЛУБЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жарысқа жалпы жүзден астам адам қатысты. Негізгі мақсатымыз – ардагер ұстаздар мен жас буынның басын қосып, оларды бір ортаға топтастыру. Сонымен қатар ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы орнын дәріптеу.
Бүгінде Мақтаарал ауданында 11 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың әрқайсысының ел дамуына қосқан үлесі, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі жолы бар. Аға буын халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Еңбекқорлықты, елге қызмет етуді, үлкенді сыйлауды және туған жерді қадірлеуді де кейінгі буын сол кісілерден үйренеді. Сондықтан қазыналы қарияларға құрмет көрсету – ұрпақ парызы.