ІШКІ САЯСАТТЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ
Түркістан облысында ішкі саясат саласын дамытудың алдағы міндеттері айқындалды. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте қаралды.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева саладағы басым бағыттар мен жаңа бастамаларды таныстырды. Жиында азаматтық қоғаммен байланысты нығайту, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді мазмұнды ұйымдастыру, этносаралық келісімді сақтау және ішкі саясат саласындағы жұмысты жетілдіру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ өңірдің ішкі саясаты мен қоғамдық құндылықтарын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы таныстырылды. «Тұран төріндегі текті өлке» идеясын негізге алған құжат тарихи-мәдени мұраны дәріптеуді, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды, адал еңбек пен тазалық құндылықтарын орнықтыруды көздейді.