ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРҒА ДАЙЫНДЫҚ
Шымкентте төтенше жағдайларға дайындық қалай? Қалада тұрғындарды оқыту, жедел хабарлау және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыс атқарылған. Жыл басынан бері мыңдаған оқу-жаттығу өткізіліп, халықты қорғауға арналған арнайы жүйелердің дайындығы пысықталған. Бұл туралы азаматтық қорғаныс мәселелеріне арналған брифингте айтылды.
Төтеншеліктердің мәліметінше, жыл басынан бері Азаматтық қорғау саласындағы ұлттық орталықта 24 адам, ал Төтенше жағдайлар департаментінің базасында 1 200 тыңдаушы оқытудан өткен. Бұдан бөлек, қала аумағында төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл дағдыларын жетілдіру үшін 3 500-ге жуық оқу-жаттығу ұйымдастырылған.
НҰРЖАН ҚАРАКӨЗЕВ, ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Қала көлемінде 3500-ге жуық оқу жаттығу өткіздік. Жер сілкінісі сияқты бағытағы оқу-жаттығуларды өткізіп, қала тұрғындарының зейінін осындай жағдайлар кезінде қандай іс-әрекет жасауға, не істеу керек екенін, қалай дайындалу керек екенін оқу-жаттығу арқылы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік.
Қауіп төнген жағдайда тұрғындарға ақпаратты жедел жеткізу де маңызды. Осы мақсатта көпқабатты тұрғын үйлердің 8 500-ге жуық кіреберісіне ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Қалада төтенше жағдай кезінде халықты қабылдауға арналған 167 пункт жұмыс істейді. Ал жедел ден қою үшін 22 арнайы қызмет құрылған.
НҰРЖАН ҚАРАКӨЗЕВ, ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Қазіргі таңда әрбір кіреберісте осы қауіпсіздік мәдениетіне бағытталған үш тілде тұрғындарға төтенше жағдай кезінде не істеу керек, түрлі қауіпсіздік бойынша ақпараттық тақтайшалар орнаттық.
Сонымен қатар, тұрғындарға ескерту жасауға 236 сиреналық-сөйлеу құрылғысы мен «Mass Alert» жүйесі қолданылады. Бұл құралдар төтенше жағдай кезінде халықты уақытылы хабардар етуге арналған. Сондай-ақ, апат уақытында тұрғындарды қорғауға және зардап шеккен азаматтарға қажетті материалдық қор да жеткілікті.Азаматтық қорғаныс қоймасында 25 мыңға жуық жеке қорғану құралы мен 800-ге жуық шатыр бар.