ЖАС БАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ
Сайрам ауданында Республика күніне орай грек-рим және еркін күрестен ауданның ашық біріншілігі ұйымдастырылды. Дәстүрлі жарысқа 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтады.
Боз кілемдегі белдесуге 450-ге жуық жасөспірім жиналған. Ауданның ашық біріншілігінде жас балуандар екі күрес түрінен бақ сынады. Сайрам аудандық күрес федерациясының ұйымдастыруымен өткен жарыс Республика күніне арналды.
МАРДАН ӘШІРАЛИЕВ, САЙРАМ АУДАНДЫҚ КҮРЕС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Қазіргі уақытта 450-ге жуық жас жеткіншектер күресіп жатыр. Осы бауырларымызды, жас жеткіншектерді біз аға ретінде қолдап, осындай жарыстарды өткізіп, шынықтырып, үлкен жарыстарға дайындауымыз қажет.
Біріншілік 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында 12 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылды. Грек-рим және еркін күрестен өткен белдесулерде қатысушылар өздерінің физикалық дайындығы мен әдіс-тәсілдерін ортаға салды.
НҰРБОЛ ЕРЕБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ КҮРЕС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Жақында Сайрам ауданына жауапты төрағаны сайлаған болатынбыз. Ауданның 12 ауылын жинап, үлкен турнир өткізіп жатыр. Бұл турнир спортшыларымыздың шеберлігін шыңдауға бағытталған іс-шаралардың бірі. Бұдан ары қарай басқа да өңірлер қосылады.
АРМАН ОСПАНОВ, ЖАУЫНГЕРЛІК САМБОДАН ҮШ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Ұйымдастырып жатқан күрес федерациясының ұжымына рақмет айтамыз. Біз қонақ ретінде балуандарға насихат болсын деп келіп жатырмыз. 25-қазан Республика күніне орай өтіп жатыр. Боз кілемде балуандар өсіп, ел намысын қорғай берсін.
Боз кілемде сынға түскен жас спортшылар үшін бұл жарыстың маңызы зор. Үздік нәтиже көрсеткен балуандар Түркістан облысының чемпионатына және Қазақстан Республикасының біріншілігіне жолдама алу мүмкіндігіне ие болады. Біріншілік жеңімпаздары мен жүлдегерлері белбеулермен және медальдармен марапатталады.