ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ҚОЛДАУ – ҚОҒАМ НАЗАРЫНДА
Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мақсатында мегаполисте арнайы шара өтті. Бағдарлама аясында ерекше балаларға арналған концерт ұйымдастырылып, қолөнер жәрмеңкесі өткізілді. Көрмеге ерекше жандардың өз қолдарымен жасаған бұйымдары қойылып, олардың шығармашылық қабілеттері көпшілікке таныстырылды.
Жәрмеңкедегі сәндік заттар мен қолдан жасалған бұйымдар ерекше жандардың шеберлігі мен шығармашылық әлеуетін көрсетті. Көрмеге келгендер туындыларды қызығушылықпен тамашалап, авторларға қолдау білдірді. Қаладағы №1 стационарлық орталықта 225 адам қызмет алады. Олардың бос уақытында жасаған қолөнер бұйымдары да көпшіліктің көңілінен шықты.
ОҢАЛБЕК ҮСЕНОВ, №1 СТАЦИОНАРЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«Үш еңбек пәнінің мұғалімі бар. Олар қызмет алушыларға жетекшілік етеді. Сабақ барысында осындай бұйымдар жасайды. Бұл, біріншіден, эстетикалық тәрбие берсе, екіншіден, олардың алға ұмтылуына, жаңа дүниелер жасауына шабыт береді».
Концерттік бағдарлама балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфера қалыптастырды. Мұндай шаралар ерекше балалардың қоғам өміріне белсенді араласуына, қабілеттерін танытып, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуына ықпал етеді. Қалада барлығы 43 958 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың 8 927-сі – 18 жасқа дейінгі балалар.
ЖАНАТ ӨТЕБАЕВА, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Біз әр азаматпен жеке жұмыс жүргіземіз. Қажетті техникалық құралдарды әлеуметтік портал арқылы өздері таңдайды. Жеткізуші мердігерді де өздері анықтайды. Ал біздің басқарма тиісті құжаттар негізінде төлемдерді жүзеге асырады».
Қалада мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және қажеттіліктеріне сай қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жеке оңалту бағдарламасы аясында 53 486 өтініш түсіп, 43 369 азамат техникалық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Қамту деңгейі – 81,1 пайыз.