«ШЕКСІЗ ӘЛЕМ – ТЕҢ ҚОҒАМ» ЕРЕКШЕ ЖАНДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Түркістанда «Шексіз әлем – тең қоғам» атты іс-шара ұйымдастырылды. Жиын ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жетістіктерін дәріптеуге, қоғамда тең мүмкіндіктер орнатуға және әлеуметтік қолдаудың маңызын айқындауға арналды. Шара барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров маңызды бастама көтерді. Аймақ басшысы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың түйткілді мәселелерін жүйелі түрде қарастыратын арнайы кеңес құруды ұсынды.
Биыл облыста 1 553 адам оңалту шараларымен қамтылып, 18 916 азамат санаторийлік-курорттық емделуге жолданған. Сонымен қатар 6 200 адам протездік құралдармен, 1 524 адам кресло-арбалармен, 1 377 адам сурдотехникалық және 1 762 адам тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Міндетті гигиеналық құралдар 24 206 адамға берілген. Іс-шарада облыс әкімі әр адамның қадір-қасиеті оның мүмкіндігімен емес, өмірге деген құштарлығымен, жігерімен және қоғамға қосқан үлесімен өлшенетінін атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау өңірдегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ,ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Сіздердің өмірге деген құштарлықтарыңыз, қайсарлықтарыңызбен қиындыққа мойымайтын табандылықтарыңыз бәрімізге үлгі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндік қағидаттарына сәйкес, өңірде азаматтарды оңалту және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.