ҮШ БІРДЕЙ ШАХМАТ ҮЙІ АШЫЛДЫ
Шымкентте шахмат сүйер қауым үшін қуанышты жаңалық! Шаһардағы саябақтардың ішінен бірден үш бірдей заманауи шахмат үйі ашылды. Жалпы 220 орынға шақталған жаңа нысандар заманауи үлгіде толық жабдықталған. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтары таза ауада демалып қана қоймай, зияткерлік ойыннан шеберлігін шыңдай алады.
Кісі көп шоғырланатын саябақтарында ашылған шахмат үйлерінің жалпы аумағы 385 шаршы метр. Олар Абай, Металург және 17 шағын ауданда орналасқан. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғ. Сыздықбеков қатысып, нысан маңына көшет отырғызды.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ , ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Нысан бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосады деп сенеміз. Ел игілігіне ұсынған нысанда жастар да егде жастағы азаматтар да шахмат ойнап, бос уақытын тиімді пайдалана алады.
Нысан жас буынға тиімді. Енді жасөсіпірімдер шахматты тыныға жүріп ойнайды. Құрманбек Әбілқасым – интеллектуалды ойынмен 10 жылдан бері шұғылданады. Осы аралықта республикалық, халықаралық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Кәсіби спортшы ғимараттың зәулім әрі ыңғайлы екенін айтады.
ҚҰРМАНБЕК ӘБІЛҚАСЫМ , ЖАС ШАХМАТШЫ
«Шахмат өте керемет ойын. Мына ғимарат бізге қатты ұнады. Көп рақмет! Бұл ойын өте пайдалы.»
Ашылу салтанатына орай шахматтан турнир ұйымдастырылды. 9-турдан тұратын бәсекеде 100-ге жуық жас өрен бақ сынапғ өзара кім мықтыны анықтады.