САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ МУЗЕЙІНЕ 25 ЖЫЛ
Шымкент қаласындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің құрылғанына 25 жыл толды. Осыған орай «25 жылдық мұра: тарих және табыс» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиында музейдің ширек ғасырлық қызметі қорытындыланып, саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу және тарихи мұраны сақтау мәселелері талқыланды.
Кеңестік солақай саясат мыңдаған отбасының шаңырағын шайқалтып, жазықсыз жандардың тағдырын талқан етті. Аян мен Аят саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Боранбай Есжановтың қыздары. Әкелері Түлкібас ауданында ферма меңгерушісі болып еңбек еткен. Бірақ еңбегі жанған шақта, 1937 жылы оған халық жауы деген жала жабылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Ол 10 жылдық айдаудан аман-есен өтіп, 1947 жылы толық ақталып, елге оралады.
АЯН БОРАНБАЙҚЫЗЫ, САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫНЫҢ ҰРПАҒЫ
Сөйтіп келгеннен кейін екі жыл баяғы қызметін істеді. Содан халықты үкіметке қарсы ұйымдастырып жатыр деп ол кісіні қиыр шығысқа айдап жіберген. 1954 жылы ақталып келді. Атаның ұрпақтарынан біз қалдық.
Музей өз жұмысын 2001 жылдың 2 қарашасында бастаған болатын. Содан бері мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмірі мен ащы тағдырына қатысты ең құнды тарихи деректер мен сирек жәдігерлер жинақталып келеді.
БІРЖАН ӘБДІҚАЛИ, САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ МУЗЕЙІНІҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі уақытта музей қорында 16 752 жәдігер сақталған. Ең алғашында 2001 ші жылы бар жоғы 1500 құжат болатын. Архивтерден алыс жақын шетелдердегі мұрағаттардан жинақтарған мәліметтер және қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарынан жәдігерлер жиналды.
Музей қорындағы жәдігерлердің ішінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының жеке тұтынған бұйымдары, сондай-ақ олардың істеріне қатысты архивтік құжаттар мен сот үкімдерінің түпнұсқалары ерекше тарихи маңызға ие. Әрбір жәдігер сол кезеңнің шындығын танытып, жазықсыз жапа шеккен азаматтардың тағдырын кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.