ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ – БАСТЫ БАҒЫТ
Түркістанда этносаралық келісімді нығайту және қоғамдық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдар жетекшілері бас қосқан жиында ішкі саясат пен қоғамдық құндылықтарды дамытуға бағытталған жаңа тұжырымдама таныстырылды.
Кездесуде Жанар Бектаева алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарымен бөлісті. Ол этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдар арасындағы байланысты нығайтып, ортақ бастамаларды бірлесе жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жобаларды дамыту жөнінде ұсыныстар айтты.
Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында қоғамдық құрылымдардың өкілдері де өз ұсыныстарын ортаға салды. Тараптар этносаралық келісімді нығайту, қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында Жанар Бектаева «Достық үйін» аралап, этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысты. Сондай-ақ өкілдермен алдағы жоспарлар мен ортақ бастамалар жөнінде пікір алмасты. Бүгінде Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі өңірдегі 18 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылымның жұмысын үйлестіреді.