19 ҚАЗАН – ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ
19 қазан – Құтқарушылар күні. Мерекеге орай Төтенше жағдайлар департаментінде ашық есік күні өтті. Шараға қала мектептерінің оқушылары шақырылып, құтқарушылардың күнделікті жұмысымен жақын танысты.
Балаларға өрт сөндірушілердің тактикалық әрекеттері мен арнайы техникалардың мүмкіндіктері көрсетілді. Төтенше жағдай кезінде адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау, өрт сөндіру құралдарын пайдалану тәсілдері оқушылардың қызығушылығын арттырды.
НҰРАЙЛЫМ МАҚСАТҚЫЗЫ, ОҚУШЫ
Бүгін біз өрт сөндірушілердің ғимаратына келдік. Мұнда көпқабатты үйлерде өрт болған жағдайда адамдарды қалай қауіпсіз түсіретінін көрсетті. Сонымен қатар өртті сөндіру тәсілдерімен таныстық. Бізге Құтқарушылар күніне арналған түрлі жапсырмалар да берілді.
Ашық есік күніне 150-ге жуық оқушы қатысты. Олар құтқарушылардың жұмысымен танысып, арнайы ұйымдастырылған оқу-жаттығуларды тамашалады. Сонымен қатар кинологтар қызметтік иттермен бірлескен жұмысын көрсетті. Арнайы үйретілген иттер кедергілерден өтіп, шартты түрде зардап шеккен адамдарды іздеу қабілеттерін танытты.
АСҚАР ШӘРІП, ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ
Біздің жедел құтқару жасағы мен өрт сөндіру қызметінің мамандары негізгі құтқару операциялары кезінде атқарылатын іс-әрекеттерді көрсетті. Атап айтқанда, үшінші қабаттан зардап шеккен адамды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау және өрт сөндіру құралдарын пайдалану тәртібі таныстырылды. Сондай-ақ оқушыларға өрт сөндіру жұмыстарының қалай жүргізілетіні көрсетілді.
Ашық есік күні оқушылардың төтенше жағдайлар қызметіне деген қызығушылығын арттырып, қауіпсіздік ережелерін үйренуіне мүмкіндік берді. Балалар арнайы техникаларды жақыннан көріп, мамандарға сұрақтарын қойды.