Негізгі Жаңалықтар 30 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

30 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Шымкентте тағы 30 отбасы баспаналы болды. Жылдар бойы тұрғын үй кезегін күткен азаматтар жаңа пәтерлерінің кілтін алып, қуанышқа кенелді. Пәтер кілттерін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков салтанатты түрде табыстады.


Баспаналы болғандардың бірі - Мадина Шегембаева. Жалғызбасты ана тұрғын үй кезегінде 11 жыл тұрған. Көптен күткен пәтерінің кілтін қолына алған ол қуанышын жасыра алмады.

 МАДИНА ШЕГЕМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Асар-2 шағынауданынан екі бөлмелі пәтер алдым. Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрдым. Жолдасымнан айырылғанмын. Ұлым мен қызым бар.

Жаңа пәтерлер «Асар-2» және «Бозарық» шағынаудандарынан берілді. Заманауи талаптарға сай салынған көпқабатты үйлер инженерлік-коммуникациялық желілермен толық қамтылған. Пәтерлер таза әрлеумен тапсырылып, тұрғындардың қоныстануына дайын күйде берілді.

KӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Бұл – сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы пәтерлер. Олар «Асар-2» шағынауданында орналасқан. Баспаналар көпбалалы отбасыларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтарға беріледі.

Жыл басынан бері Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 4 мыңға жуық пәтер берілген. Жыл соңына дейін тағы 3-4 мың пәтер табыстау жоспарланып отыр. Осылайша, қалада тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары жалғасады.

Бөлісу