Негізгі Жаңалықтар СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕН ҚАРИЯЛАР

СПОРТТЫ СЕРІК ЕТКЕН ҚАРИЯЛАР

Шымкенттің қариялары ширақ! Бүгілсе - бильярд ойнайды, секірсе - теннис ойнайды. Мегаполисте ардагерлер арасында спартакиада басталды. Бес ауданнан іріктелген үздік командалар қалалық кезеңде бақ сынап жатыр.


Жасты желеу етпей, спортты серік еткен ардагерлер жарысқа сақадай сай келген. Салтанатты шараға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек спортшыларға сәттілік тіледі. Қариялар спорттың төрт түрінен сынға түседі. Шашка мен шахматта ой ұшқырлығын байқатса, бильярд пен үстел теннисінде ептілік пен шапшаңдық танытады.


 КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Осы төрт спорт түрінен бес ауданда жарыс өткіздік. Бес ауданнан үздік шыққандар қалалық спартакиадада бақ сынап жатыр. Бұл шара Қарттар күні мен Ардагерлер кеңесінің 40 жылдығына арналып отыр.


 Әбдібек Тәңірбергенов үстел теннисіне бала күнінен қызығады. Ара-тұра үзіліс жасағанымен, сүйікті ойынынан қол үзбеген. Бүгінде бос уақытын спортқа арнап, түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл жолғы спартакиадаға да тыңғылықты дайындықпен келген.


 ӘБДІБЕК ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, АРДАГЕР СПОРТШЫ
Мен үстел теннисіне бала күннен қызығамын. Арасында біраз үзіліп қалды. Бірақ бір қалыптасқан нәрсе ғой, қайта жалғаса береді. Демалысқа барғанда да осындай жарыстарда жүлделі орындарға ілігіп жүрмін.


Ардагерлер спортпен шұғылданып қана қоймай, белсенді өмір салтымен жастарға үлгі көрсетіп жүр. Олар бұқаралық спорттың дамуына да өзіндік үлес қосуда.


 ЕРКІНБЕК ШЫМЫРҚҰЛОВ, ЖАНКҮЙЕР
Мен жанкүйер ретінде келіп тұрмын. Қатысуға да дайынмын. Жалпы, спорт денсаулыққа пайдалы.


Спартакиада жеңімпаздарына жүлделі орындар мен қаржылай сыйлықтар қарастырылған. Үздіктер алғыс хаттармен және кубоктармен марапатталады.

Бөлісу