ЖАСТАР СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ
Түркістанда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік өтті. Бұл жолы шаһардағы ірі аумақтардың бірі – Яссы секторы тазартылды. Қала әкімдігі ұйымдастырған шараға жүздеген тұрғын, белсенді жастар мен еріктілер қатысты.
Тазалық жұмыстарына жастар мен еріктілерден бөлек, коммуналдық қызмет өкілдері де атсалысты. Арнайы техникалар көмегімен жиналған тұрмыстық қалдықтар, ағаш бұтақтары мен ірі қоқыстар полигонға шығарылды. Аға буын өкілдері де сенбіліктен шет қалмай, жастарға қолдау көрсетті. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде Яссы секторындағы орталық және ішкі көшелер, арықтар мен қоғамдық орындар тазартылды. «Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тазалық шаралары алдағы уақытта Түркістанның өзге де секторларында тұрақты түрде жалғасады.
ӘЛИЯ БІРЖАНОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қаланы таза ұстау – әр адамның, әр тұрғынның міндеті деп санаймыз. Қала жастары мен еріктілері әр сенбілікке өз еркімен келіп, тазалық жұмыстарына үлес қосып жүр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» акциясы аясында түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіліп жатыр. Қаланың белгіленген аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізілуде. Әр тұрғын өзіне тиесілі аумақты таза ұстап, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауы керек деп есептейміз.