ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ҰЛАҒАТТЫ МҰРАСЫ
Ұлттық гобелен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан суретші Батырбек Өтептің туғанына 80 жыл. Осыған орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, шебердің шығармашылық мұрасы мен ұлттық өнердегі орны дәріптелді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Өтеп Батырбектің шығармашылық мұрасы: дәстүр сабақтастығы және заманауи көркемдік ізденістер» тақырыбында өтті. Конференцияда қонақтарға алдымен суретшінің 30-дан астам туындысы қойылған көрме таныстырылды. Онда шебердің көркемдік ізденістері мен ұлттық өнерге тән ерекшеліктерін танытатын еңбектері ұсынылды.
Салтанатты рәсім барысында суретшінің жары Бибайша Өтеповаға алғыс білдіріліп, «Мұхтар Әуезов атындағы» төсбелгі табысталды. Сондай-ақ, «Өнерге адал ғұмыр» атты кітаптың тұсауы кесілді. Еңбекте суретшінің шығармашылық жолы, ұлттық өнерге қосқан үлесі мен көркемдік мұрасы жинақталған.
Ресей мен Өзбекстаннан келген ғалымдар да конференцияға қатысып, Батырбек Өтептің шығармашылығы мен дара қолтаңбасының түркі өнері кеңістігіндегі маңызын атап өтті. Жиын соңы секциялық отырыстарда жалғасты. Қатысушылар қазақ гобелен өнерінің қалыптасуы мен даму тарихын, тоқыма өнеріндегі дәстүр сабақтастығын және өнер арқылы тұлғаның эстетикалық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады.