ҚҰТҚАРУШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Адам өмірін құтқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін төтенше жағдайлар қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Түркістанда 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, сала ардагерлері мен жеке құрам қатысты.
Құтқарушылардың қызметі жоғары дайындықты, батылдық пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Мерекелік жиын алдында аймақ басшысы арнайы техникалар көрмесін аралап, құтқару бөлімшелерінің мүмкіндіктерімен танысты. Салтанатты жиында төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою кезінде ерекшеленген мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне алғыс білдірді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Құтқарушы болу – адам өмірін бәрінен биік қоятын, батылдықты, жоғары кәсібилік пен темірдей тәртіпті талап ететін абыройлы қызмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және халықты қорғау жүйесін жетілдіруге айрықша мән беріп келеді. Осы стратегиялық міндетті іске асыру мақсатында өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Мерекелік жиында қызметтік міндетін мінсіз атқарып, төтенше жағдайларда табандылық танытқан бірқатар маман марапатталды. Оларға алғыс хаттар, төсбелгілер мен медальдар табысталды.
БАҒДАТ ЧАЙЗАДА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ, ПОЛКОВНИК
Қазіргі таңда 1639 құтқарушы қызмет атқарып жатыр. Облыс бойынша 44 бөлімше бар. Бұл – республикадағы ең ірі гарнизондардың бірі. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен соңғы екі жылда 35 жаңа техника алынды. Төлеби ауданында және Орынғайда екі жаңа өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында 16 ерікті өрт сөндіру бөлімшесі ашылды. Қазіргі таңда шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін нығайту бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Сала ардагерлері мен жеке құрамға арнап патриоттық әндер шырқалып, құтқарушыларға құрмет көрсетілді.