КӨШІ-ҚОНҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ
Елімізде көші-қон заңнамасын бұзудың 15 мыңнан астам дерегі тоқтатылды. Республика бойынша шетел азаматтарының елде болу қағидаларын бақылауға бағытталған “Нелегал” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері шетел азаматтары шоғырланып тұратын орындар, құрылыс нысандары, базарлар, сондай-ақ шетелдік жұмысшылардың еңбегін пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдарды тексерді. Нәтижесінде көші-қон заңнамасы саласында 15,8 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Қазақстанда болу қағидаларын бұзғаны үшін 7 595 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін тағы 3 899 шетел азаматына қатысты шаралар қабылданды. Тиісті рұқсаттарсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 815 жұмыс берушіге қатысты шаралар қолданылды. Сондай-ақ, соттар көші-қон заңнамасын бұзған адамдарды Қазақстан аумағынан шығару туралы 2 243 шешім шығарды. Мәжбүрлеп елден шығару шарасы 236 шетел азаматына қатысты орындалып, оларға Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды. Сонымен қатар, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен 14 шетел азаматы анықталып, Қазақстан аумағында жасырынып жүрген 62 шетел азаматы ұсталды.