Негізгі Жаңалықтар ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ

Республика күні қарсаңында Шымкентте белсенді жастар марапатталды. «Республика күні – елдігіміздің бастауы» атты салтанатты кеште қаланың дамуына үлес қосып жүрген жас буынның еңбегі еленді. Толығырақ тілші материалында.


Олар - білім бәйгесінде топ жарғандар, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқандар. Бірі «Таза Қазақстан» акциясына атсалысса, енді бірі қарттарға көмек көрсетіп жүр. Жастардың игі бастамалары мен жетістіктері мерекелік кеште ерекше аталып өтті.


 ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ-НІҢ БАСШЫСЫ
Мекемеміздің ұйымдастыруымен үш шара өтті. Құтқарушылар күніне орай, әскери оркестрлер арасында байқау ұйымдастырдық. Сондай-ақ жас өнерпаздардың өнерін дәріптеуге арналған шара өткіздік. Осындай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бүгін қаламызда жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген белсенді жастарды марапаттаймыз.


Кеште жастар саясатын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Солардың бірі – Шымкент жастар театрының әртісі Шырынхан Зеберхан. Ол жастармен бірлесіп түрлі бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді.


 ШЫРЫНХАН ЗЕБЕРХАН, ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, жастар саясатына үлес қосып жүрміз. Республика күніне орай марапатқа ие болып жатқанымызға қуаныштымыз. Көрсетілген құрмет үшін алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз.


Ал Акрам Ересметов жастарға ұлттық өнерді насихаттап жүр. Домбыра үйірмесінің жетекшісі құрбы-құрдастарына ұлттық аспапта ойнауды тегін үйретеді. Оның айтуынша, жастардың домбыраға деген қызығушылығы жоғары.


АКРАМ ЕРЕСМЕТОВ, ДОМБЫРА ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
 Үйірмемізге студенттер де, оқушылар да келеді. Жастардың домбыраға деген қызығушылығы өте жоғары. Ұлттық өнерге ықыласы ерекше болғандықтан, олардың қатары күн санап артып келеді.


Мерекелік кеш ән мен биге ұласты. Қуаныш Әбжапбар «Қазақстаным» әнін орындаса, Қарлығаш Тилен «Аққу» биін биледі. Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің оркестрі музыкалық попурри ұсынды. Ал полицияның арнайы жасағы жауынгерлік тәсілдерді көрсетті.


Бөлісу