ХАЛЫҚҚА ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС БЕРІЛДІ
Шымкентте тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берілді. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Әл-Фараби ауданының прокуратурасы «Халық заңгері» акциясын ұйымдастырды. «Shymkent Plaza» сауда орталығында өткен шарада тұрғындар кәсіби заңгерлерден, адвокаттар мен мемлекеттік орган өкілдерінен көкейдегі сұрақтарына жауап алды.
Акцияға келгендердің бірі – Нұрлан Мырзагелдиев. Ол үйіне жиһаз жасату үшін шеберге екі миллион теңге берген. Алайда тапсырыс орындалмай, ақшасы да қайтарылмаған. Кейін жиһаз жасаушы телефон қоңырауларына жауап бермей, байланысқа шығуын тоқтатқан. Амалы таусылған тұрғын құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінген.
НҰРЛАН МЫРЗАГЕЛДИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Төрт ай болды мебель тапсырыс бергенмін. Келісім болды, өлшемдерін барлығын алып кетті. Бірақ мебелді алып келген жоқ сол күйінде. Екі миллион теңге ақша бердім. Жоқ. Договор болды. Офисіне бардым, офис жоқ құлыптап қойған барлығын. Арендасының ақшасын да төленбеген, цехтары да жоқ. Бір жерді арендоват етіп көрсетіп алып кеткен ғой.
Акция барысында 400-ге жуық тұрғынға құқықтық кеңес берілді. Азаматтар негізінен жер дауы, тұрғын үй мәселесі, алимент өндіру және банк шоттарының бұғатталуына қатысты сұрақтарымен келген.
СӘБИТ ТӨЛЕГЕНОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Акцияның мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарына құқықтық көмек көрсету, сонымен қатар азаматтардың құқықтық салауаттылығын арттыру болып табылады. Бүгінгі іс-шараға 400 ден астам азамат қатысып ол кісілердің әр түрлі сауалдары бойынша мәселелер қаралып, білікті мамандармен кеңес берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық сауаттылықты арттыру – азаматтардың өз құқығын қорғауына жол ашады. Сондықтан тұрғындарға заңгерлік көмек көрсететін мұндай акциялардың маңызы зор.