Негізгі Жаңалықтар ШЫМКЕНТТЕ ЖАСАЛҒАН ӨНІМ

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСАЛҒАН ӨНІМ

Түкті кілем, киім-кешек, ет-сүт өнімдері, құрылыс материалдары. Мұның бәрі – Шымкентте өндірілетін отандық өнімдер. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін бір жерден тамашалауға мүмкіндік туды. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шымкент өнімдері» көрмесі өтті. Мегаполисте өндірілетін тауарлар келесі материалда.

Шымкенттің ғана емес, еліміздің нарығында да өзіндік орны бар кәсіпорындардың бірі – «Дони LTD» компаниясы. Кәсіпорын 24 жылдан бері сүт өңдеп, түрлі өнім шығарады. Өнім түрлерінің қатарында балмұздақтың жүзден астам түрі, ірімшік, сары май, сондай-ақ жартылай фабрикаттар бар. Мұнда 100-ден астам адам еңбек етеді.

 ЮЛДУЗХАН МИРКАМАЛОВА, «ДОНИ LTD» КОМПАНИЯСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ
Біз балмұздақтың 100-ден астам түрін өндіреміз. Сонымен қатар ірімшік, кефир, сары май және вафли стақандарын шығарамыз. Күніне 9–10 тонна сүт өңдейміз.

Көрмеде жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, машина жасау, жиһаз өндірісі, химия, тамақ өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені және құрылыс индустриясы салаларында жұмыс істейтін 70-тен астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды. Келушілер жергілікті тауар өндірушілердің сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдерімен танысты.

 ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бізде жыл санап кәсіпорындардың өндіріс көлемі артып келеді. Экспортқа бағытталған кәсіпорындарымызда аз емес. 70 ке жуық кәсіпорындар шетелдік нарықты жаулап үлгерген. Бұл кәсіпорындар индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда орналасқан.

Шымкентте кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілген. Биыл 30 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде оның 12-сі жұмысын бастады. Көрме жергілікті өндірушілердің өнімдерін кеңінен таныстыруға, жаңа серіктестер табуға және өзара тиімді келісімдер жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар отандық өндірісті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және импортты алмастыратын өнім түрлерін көбейтуге жол ашады.

Бөлісу