ЯСАУИ ХИКМЕТТЕРІН ЖАТҚА АЙТТЫ
Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін жатқа айтып, білімдерін ортаға салды. Түркістанда қала күніне орай «Диуани хикмет» аймақтық байқауы қорытындыланды. Рухани мұраны дәріптеген сайысқа өңірден және көршілес аудандардан 36 үміткер қатысты.
Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған байқау жастардың Ясауи мұрасына қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды тереңірек тануына мүмкіндік берді. Қатысушылар тек хикметтерді жатқа айтып қана қоймай, олардың мазмұны мен тәрбиелік мәнін де танытуға тырысты.
МАДИЯР ӘЛІПОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Байқаудың негізгі мақсаты – ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін жатқа білу ғана емес, олардың мазмұны мен мәнін түсіну. Өздеріңіз білетіндей, Ясауи бабамыздың хикметтерінде өмірлік тәрбие, адамгершілік, денсаулық, сыйластық пен имандылық туралы айтылады. Оны оқып, бойына сіңірген жастар болашақта өнегелі азамат болады деп сенеміз. Өйткені жүрегінде иманы бар адамнан жамандық шықпайды. Сондықтан бұл байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақты рухани тұрғыдан тәрбиелеу.
Байқау екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар Ясауи хикметтерін жатқа айтып, мәнерлеп оқу шеберлігін көрсетті. Ал екінші кезеңде ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына, хикметтерінің мәні мен Түркістанның тарихи-мәдени мұрасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөлінді.
ДОСАЙ КЕНЖЕТАЕВ, Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ ДІНТАНУ КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ
Қатысушыларды екі топқа бөліп ұйымдастырғаны дұрыс болды. Себебі жас ерекшеліктерін ескеру қажет. Мектеп оқушылары мен университет, колледж студенттері бөлек топта бақ сынады. Байқау ережелері де жақсы сақталды деп ойлаймын. Қатысушылардың Ясауи хикметтерін білуі, оның ілімі, тұлғасы, мәдениеті мен шығармашылығы негізінде сұрақтар қойылды. Мұндай байқаулардың мақсаты – жастардың Ясауи мұрасының құндылығын тереңірек түсінуіне ықпал ету. Сондай-ақ оның мәдениетіміздегі, әдебиетіміздегі, моральдық-этикалық жүйеміздегі және жалпы түркі-ислам әлеміндегі орнын таныту.
Игі бастаманың түпкі мақсаты – жастарға Ясауи мұрасын танытып қана қоймай, оның өнегесін бойына сіңіру. Байқау қорытындысында үздік өнер көрсеткен қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.